Жаңалықтар тізбегі
0

Кездейсоқ табылған Қазақстан мен әлемдегі бес қасиетті орын

Зороастризм ғибадатхасы, Түркістан облысы, Қазақстан, сурет - Zakon.kz жаңалық 30.09.2023 13:52 Сурет: Экспедиция жетекшісі Александр Подушкин ұсынды
Кейде құрылыс, жөндеу, қазба жұмыстары кезінде күтпеген жерден ерекше тарихи нысандар ашылып жатады. Бұл материалда осындай бір кездейсоқ табылған Қазақстан мен әлемдегі бес қасиетті орын жайлы айтылады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Зороастризм ғибадатхасы, Түркістан облысы, Қазақстан

Бір жыл бұрын Түркістан облысында Қызылкөл көлінің маңындағы қазба жұмыстары кезінде қазақстандық археологтар біздің елімізде ғана емес, әлемде теңдесі жоқ ескерткіш – Қангөй мемлекетінің дәуіріне жататын екі мың жылдық ғибадатхананы тапты.

Басында зерттеушілер оның діни нысан екенін білген жоқ. Бұл Қазақстанның оңтүстігінде жиі табылатын ежелгі қоныстардың бірі болуы мүмкін еді. Алайда, экспедиция жетекшісі Александр Подушкин нысан орналасқан төбенің беткейлері сынған заттармен – дәнүккіштермен, диірмен тастарымен, ыдыстармен көмкерілгеніне назар аударды. Мұнда мыңдаған ауылшаруашылық мәдениетінің артефактілері көмілген.

"Мен бұны заттарды кейіннен көбейту үшін жою рәсімі деп ойлаймын", – дейді археолог. – "Осыған байланысты алдымызда ғибадатхананың функциялары бар діни нысан тұр деген ойға келдім".

Тамызда аталған кешен аумағында археологтар жерлеу орындарын, хош иісті түтін шығаратын аспаптарды, арқар бейнеленген таңбалы жүзікті және абыздар жындарды үркіту үшін қолдануы мүмкін сылдырмақты тапты. Бұл заттар осы ғибадатханада рәсімдер жасаған адамдардың о дүниелік күштердің бар екеніне сенгенін көрсетеді.

Көне мешіт, Негев шөлі, Израиль

Археологтар 2019 жылы Израильдің Негев шөліндегі Рахат елді мекенінде әлемдегі ең көне мешіттердің бірін тапты. Ол шамамен 1200 жыл бұрын, VII ғасырдың басында ислам дүниеге келгеннен кейін салынған. Бірегей олжа құрылыс жұмыстары кезінде кездейсоқ табылды.

Мешіттің пішіні тікбұрышты, сондай-ақ мұсылмандардың қасиетті қаласы Меккеге қарай бағытталып тұрғаан михраб бар. Бұл арабтардың 636 жылы Израиль территориясын жаулап алғаннан кейін салған алғашқы мешіттерінің бірі.


Көне мешіт, Негев шөлі, Израиль, сурет - Zakon.kz жаңалық 30.09.2023 13:52

Сурет: Getty Images

Рим ғибадатханасы, Сарсина, Италия

Өткен жылдың желтоқсан айында Итальяның Сарсина коммунасында супермаркет пен сауда ойын-сауық орталығының құрылыс алаңында жұмысшылар бағаналары мен қабырғалары бар құмтас блоктары мен мәрмәр плиталарынан жасалған, ені жарты шақырым болатын биік подиум тапты. Ғалымдар бұл нысанның біздің дәуірімізге дейінгі I ғасырға жататын ежелгі Рим ғибадатханасы екенін анықтады.

Бұл оқиға қала құрылысшыларының жоспарын толығымен өзгертті: сауда орталығының құрылысына тыйым салынып, биылғы тамыз айында толық қазба жұмыстары басталды. Болжам бойынша құдайлар үштігіне: Юпитер, Юнона және Минерваға арналған үш бөлме зерттелді. Одан бөлек, біздің дәуірімізге дейінгі IV ғасырға жататын көне қиранды қабаттары табылды.

Табылған тарихи нысан қаланың Рим империясындағы маңызды рөлін және оның сауда мен діни өмірдің орталығы ретіндегі стратегиялық маңызын көрсетеді. Ғибадатхананың бұзылмай сақталуы археологтарды таңғалдырды: әдетте уақыт өте келе мұндай нысандар тоналып, қиратылды.


Рим ғибадатханасы, Сарсина, Италия, сурет - Zakon.kz жаңалық 30.09.2023 13:52

Сурет: Италия мәдениет министрлігі


Көне Донгола храмдары, Ніл аңғары, Судан

Көне Донгола – қазіргі Судандағы ортағасырлық Нубияның ежелгі қаласының қирандылары. 1964 жылдан бері мұнда поляк археологтары жұмыс істейді. Аймақта әр түрлі конфессиялардың ықпалы байқалады, дегенмен, орта ғасырдың соңына дейін мұнда христиан діні болған. Екі жыл бұрын Варшава университетінің археологтары ортағасырлық Нубиядағы болжам бойынша ең үлкен шіркеудің қалдықтарын қазды.

Сондай-ақ биыл тағы бір үлкен олжа табылды: 2700 жыл бұрын салынған ежелгі Египет ғибадатханасының қирандылары. Ол кезде Куш деп аталатын патшалық Суданның, Египеттің және Таяу Шығыстың басқа да аймақтары кірген кең аумақтарды биледі.

Қирандылар ортағасырлық қамалдан табылды. Ғибадатхананың кейбір тас блоктары Кушта да, Египетте де сыйынған Амон-Ра құдайына бағыштауды қамтитын сызбалармен және иероглифтік жазулармен безендірілген.

Бұл күтпеген жаңалық: осы уақытқа дейін көне Донголада 60 жылға жуық археологиялық зерттеулер барысында мұндай ерте кезеңнің іздері табылмаған еді. Біздің дәуірімізге дейінгі I мыңжылдықтың бірінші жартысына жататын ежелгі Египет ғибадатханасы элементтерінің болуы тарихты қайта жазып, ежелгі мемлекеттің әлдеқайда ерте құрылғанын көрсете алады.


Көне Донгола храмдары, Ніл аңғары, Судан, сурет - Zakon.kz жаңалық 30.09.2023 13:52

Сурет: PCMA UW


Әулие-Қазан соборының жерасты ғибадатханасы, Алматы

Қазан соборы Алматыда XIX ғасырдан бері тұр, бірақ 2021 жылға дейін оның аумағында жерасты қуыстарының бар екенін ешкім білген жоқ. Ғибадатхананы қалпына келтіру кезінде, алтарьді қайта жөндеу және ағаш едендерді ауыстыру кезінде ғимараттың астынан революцияға дейін, 100 жылдан астам уақыт бұрын жабылған бөлме табылды. Оның қайнда мақсатта салынғаны сол күйі анықталған жоқ.

"Құпия бөлмені" бұдан бұрын табу мүмкін болмады, өйткені ол ғибадатхананың қасиетті орны – алтарьдің астында орналасқан. Бұрын адамдар ол жерге баспалдақпен түскен болуы мүмкін. Бүгін бөлмеге ұзындығы шамамен 50 метр туннель салынып, ол жерасты шіркеуіне айналды, онда ғибадатханаға сыйға тартылған жәдігерлер қойылды.

Әулие-Қазан соборының жерасты ғибадатханасы, Алматы, сурет - Zakon.kz жаңалық 30.09.2023 13:52

Сурет: ПҒА

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: