Қаржы министрі зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алуға қарсы
Сурет: Zakon.kz
30 мамырда Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев үкімет отырысының кулуарында қазақстандықтардың зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алуы жақсылыққа апармағанын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қаржы министрінің сөзінше, мемлекет қазақстандықтарға жинақталған зейнетақы қаражатының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға және емделуге бағыттауға рұқсат бергенде көбі белгілі бір схемалар арқылы ақшаны алып, өзіне қалдырды.
"Салдарынан біз үлкен сұранысты жасап жібердік. Тұрғын үй бағасы көтерілді. Тек баспанаға ғана емес. Жалпы инфляция өсті. БЖЗҚ не үшін құрылды? Халық ақшасын көбірек жинасын дедік. Бірте-бірте ынтымақтастық зейнетақысы жойылуы керек еді. Көбі болашақта зейнетақысын БЖЗҚ-дан алғанын қаладық. Қазір лимитті қайта қарадық. Халықтың ақшасы аз қалды. Есептеулер осы қаражатты жеткілікті деп көрсетіп отыр. Бірақ біз ақшаны аз алу керек екенін жақсы түсініп отырмыз".Ерұлан Жамаубаев
2022 жылы әскери қызметкерлерге зейнетақы жинағын сәйкестік шегіне қарамастан мерзімінен бұрын пайдалануға рұқсат етілді.
"Әскери қызметкерлерге қатысты осындай саяси шешім қабылданғандықтан Еңбек министрлігінде есеп бар. Бұл соншалықты апатты сома емес, бірақ мен БЖЗҚ-да тұрақты қаражат болғанын қалаймын. Біріншіден, бұл – біздің болашағымыз, барлық зейнеткерлердің болашағы, ішінде менің де қаражатым бар".Ерұлан Жамаубаев
Министр өзінің зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алмағанын айтты.
"Мен бір тиын да шығарған жоқпын. Өйткені ол менің зейнетақым екенін жақсы түсінемін. Екіншіден болашақта қайда жұмыс істейтінімді білмеймін. Бұл жинақты күнделікті қажеттілікке жұмсағым келмейді, болашаққа қалдырғым келеді. Қазақстандықтардың барлығы осылай істейді деп үміттенемін. Екінші жағынан, зейнетақы қорындағы ақша – болашақта инвестициялық жобалар үшін үлкен ресурс. Мұны да түсіну керек. Бұл – біздің артықшылығымыз. Басқа көптеген елдерде мұндай жоқ".Ерұлан Жамаубаев
Қаржы министрлігі басшысының айтуынша, егер ол заң рұқсат еткендей аннуитет шығарса, онда "өте жақсы сома болады".
2023 жылдың басында қазақстандықтар зейнетақы қорынан барлығы 3,2 триллион теңгеге жуық қаржыны қажетіне пайдаланғаны белгілі болды.
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript