Таразда «Тәуелсіз Қазақстан» монументіне гүл қою рәсімі өтті
Шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихат хатшысы Махметғали Сарыбеков, Қоғамдық және ардагерлер кеңесінің төрағалары, зиялы қауым өкілдері, «Nur Otan» партиясының облыстық филиалының басшылығы, этномәдени орталықтардың мүшелері және тағы басқалар қатысты.
Айта кетейік, Ел Тәуелсіздігінің 30 жылында дамудың даңғыл жолына түскен мемлекетімізбен бірге Жамбыл облысы да ауыз толтырып айтарлық толайым табыстарға қол жеткізді.
Еліміз Тәуелсіздігін жариялағалы бері киелі Әулиеата халқының саны арта түсті. Соңғы дерек бойынша халық саны 1 млн 150 мыңға жетті. Сонымен қатар ең маңызды көрсеткіштердің бірі – өмір сүру ұзақтығы 63,5 жастан 71 жасқа ұзарды.
Сурет: Жамбыл облысы баспасөз қызметі
Тәуелсіздік алғалы бері облыс бюджеті де айтарлықтай артты. Атап айтсақ, облыстық бюджет 2,2 млрд теңгеден 481 млрд теңгеге өсті. Жамбыл жерінің өңірлік өнімі 0,8 млрд теңгеден 2,4 мың есеге артып, 1901 млрд теңгеге жетті.
Әулиета жерінде көптеген әлеуметтік мәселелер кезең-кезеңімен шешілді. Соның ішінде жұмыссыздық деңгейі 7,1 пайызға азайды.
Инвестиция тарту ісі де бұл өңірде қарқынды жүргізіліп жатыр. Соның дәлелі – Тәуелсіздік жылдары облысқа 3,2 трлн теңгеге инвестиция құйылды.
Ауылдарды таза ауыз сумен қамту, көгілдір отын тарту мәселелері де шешіліп жатыр. Бұрынғы көрсеткіштермен салыстырғанда, ауылдарда таза ауыз сумен қамту 4 есеге өскен. Тәуелсіздік жылдарының басында 67 ауылға ауыз су кірген болса, бүгінде 259 ауылымыз орталықтанған таза ауыз сумен қамтамасыз етілген.
Сурет: Жамбыл облысы баспасөз қызметі
Газбен жабдықтау 9 есеге өсіп отыр. 90 жылдардың басында көгілдір отын жаққан ауылдардың саны 27 болса, қазір бұл көрсеткіш 247-ге жетті.
Сурет: Жамбыл облысы баспасөз қызметі
Білімді ұрпақ – ел келешегі десек, киелі Әулиета жерінде мектеп салу мәселесі де жолға қойылды деуге болады. Атап айтсақ, Ел тәуелсіздігінің 30 жылының ішінде 130 мектеп салынып, облысымызда мектеп саны 469-ға жетті.
Сурет: Жамбыл облысы баспасөз қызметі
Басты байлығымыз – денсаулық сақтау болса, облыста халықтың денсаулығын жақсарту мәселесіне де басымдық беріліп келеді. Денсаулық сақтау саласын дамытуға бөлінген қаржы 170 есеге өсіп, 0,5 млрд теңгеден 85,3 млрд теңгеге көбейді.
Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жемісті жалғасын таба бермек.