Зейнеткердің банк картасынан 1 жыл бойы ақша жоғалып келген
Оtyrar.kz таратқан ақпаратқа сай, ПБ-ға жергілікті тұрғындардың бірі арызданып келген.
Зейнеткердің айтуынша 1 жылдан бері белгісіз біреу банк картасынан жасырын түрде ақша шешіп жүргенін көрсеткен. Келтірілген жалпы шығын көлемі 700 000 теңгеден астам.
Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы, яғни «Ұрлық» қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша СДТБТ-ға тіркеді.
Хабарды алған отырарлық сақшылар жедел-іздестіру іс-шараларына кірісті. Осы құқық бұзушылықты жасаған күдіктіні табуға қажетті жұмыстардың барлығын жүргізді.
Нәтижесінде полицейлер жинақталған ақпарат көздері арқылы әрекет жасаған күдіктінің жеке басын анықтады. Ол жәбірленушінің немересі болып шықты.
Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Белгілі болғандай зейнеткер банк қосымшасын пайдалана алмайтынын айтып, немересіне ақшасын алып беруін сұраған. Осылайша құпия сөзін айтып, картасын сеніп тапсырған. Ал немересі болса қалған ақшасын өз қалтасына басып отырған.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері кез келген адамға сенбеуді, өзіңізге ғана белгілі құпия сандарды ешкімге айтпауды ескертеді.