10 қазақстандықтың 7-уі ғана мамандығы бойынша жұмыс істейді
2021 жылдың төртінші тоқсанында елде 8,8 миллион адам жұмыспен қамтылды. Бұл бір жыл бұрынғыдан 0,8%-ға артық. Ал ауылдарда жұмыспен қамтылғандар саны бір жылда 1,7%-ға өсіп, 3,6 млн адам болған.
Ranking.kz зерттеуі бойынша, жұмыс істейтін халықтың 70,7%-ы оқу нәтижесінде алған мамандығы бойынша жұмыс істеді. Ал 22,6%-ы мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Жұмыс істейтіндердің тағы 6,7%-ы негізінен ешжерде оқымаған.
Білім деңгейі бойынша 3,8 млн адамның орта кәсіптік (арнайы) білімі бар.
Ал 3,6 млн адамның жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар.
Ал 1,3 млн адамның бастауыш, негізгі, жалпы орта немесе кәсіптік бастауыш білімі бар.
Жұмыспен қамтылғандар арасында 6,7 млн адам – жалдамалы жұмысшы.
Тағы 1,6 млн адам – жеке кәсіпкер.
Ал 493,6 мыңы – өз бетінше жұмыс істейтіндер.
14,6 мыңы – серіктестіктердің құрылтайшылары, акционерлік қоғамдардың акционерлері, өндірістік кооперативтердің мүшелері.
10,7 мыңы – жеке тәжірибеде.
Өңірлік тұрғыда ең көп жұмыспен қамтылғандар Алматы қаласында: 979,3 мың адам. Бір жыл бұрынғыдан 2,6%-ға артық.
Үздік үштікке Алматы (971,2 мың адам) мен Түркістан (777,2 мың адам) облыстары енді. Ең аз жұмыспен қамтылғандар Солтүстік Қазақстан облысында: 286,6 мың адам. Көрсеткіш өткен жылмен бірдей.
Салалар бойынша жұмыспен қамтылғандардың басым бөлігі көтерме және бөлшек саудада, сонымен қатар автокөлік жөндеу саласында жұмыс істейді.
Ауыл, орман және балық шаруашылығы (1,1 млн аам) және білім (1,1 млн адам) жұмыспен қамтылғандар саны бойынша негізгі салалардың қатарында.