Мақаншы тұрғындары аудан мәртебесін қайтаруды сұрайды
Қазір 80 мың халқы бар аудан Шығыс Қазақстандағы ең ірі елдімекен саналады. Бірақ соңғы уақытта шекаралық ауылдағы жұрттың алшақтап кеткені байқалады, делінеді "Хабар24" телеарнасының арнайы сюжетінде.
Мақаншы аудандық мәртебеден айырылғаннан кейін халық жаппай көшіп жатыр. Біз де жұмыс көзінен айырыламыз. Халық көшіп кеткеннен кейін кімге қызмет жасаймыз? Халық айтады ғой, «Бос жер жау шақырады» деп. Ондай да қаупіміз бар. Сондықтан бірінші кезекте Мақаншы аудан болса деп бүкіл ауыл соған бірауыздан дауыс береміз. Мақаншы ауылының тұрғыны Эльмира Аққожанова
Кезінде мұнда тіршілік қайнап тұрған. Қазір бес мектептің үшеуі істеп тұр. Ал мектепке дейінгі білім беретін екі мекеме қалды. 25 жыл ішінде қаңырап бос тұрған бірде-бір ғимарат қалпына келтірмеген. Тұрғындардың тілегі бір. Перзентхана салынса дейді.
Су құбыры ауылға төрт жыл бұрын тартылды. Бұл мақсатта қазынадан екі миллиард теңге жұмсалды. Дегенмен абоненттер әлі күнге орталықтандырылған ауыз суға қосылмаған. Жолдардың күйі де сын көтермейді. Құбырларды төсеу кезінде кедір-бұрып боп қалған. Бұған қоса әр жерде қоқыс үйінділері жатыр.
Ешқандай бақылау, қадағаламау себебінен әр адам жағдайына қарай келеді де төгеді. Жолымыздың сиқы осы. Мақаншы ауылының тұрғыны Қуаныш Есенов
Жаңа спорт зал ауылда былтыр бой көтерді. Алайда нысан қолданысқа берілмей келеді.
Мердігерлерге біраз ескертпелеріміз бар. Мердігер ескертпелерді түзетуде. Соны түзеткен жағдайда әрі қарай жұмыс жалғасады. Үржар ауданы әкімінің орынбасары Дидар Хамитов
Өз кезегінде соңғы үш жылда шекара бойындағы ауылдарды дамыту бағдарламасы бойынша Мақаншы ауданына 16 миллиард теңге бөлініпті.
Тек қана Мақаншы ауылы емес, Алакөлдің жағалауы бар. Біршама жұмыс атқарылды. Соның ішінде 12 мың халқы бар Мақаншыға су құбырын тарту жақын. Келесі айдың аяғында жүйелік су береміз. Екі млрд 200 млн теңге қаражат бөлінген. Қазір мердігер жұмыстарын аяқтауға жақын. Үржар ауданы әкімінің орынбасары Дидар Хамитов
Жергілікті билік жолдарды жөндеуге 150 миллион теңге бағыттауды жоспарлайды. Сегіз көше қалпына келтірілмек. Ал қоқыс полигонының тағдыры қалай болатыны беймәлім. Бұл турасында бізге әкімдік тұщымды жауап бера алған жоқ.