Енді Қазақстан азаматтығын беру кезінде мемлекеттік тілді білуі ескерілетін болады
Бұл жөнінде премьер-министр Әлихан Смайылов мәжілісмендер тарапынан Ресей азаматтарының ағылып кетуіне байланысты жолданған депутаттық сауалға берген жауабында мәлім етті.
Премьер-министр қалыптасқан жағдайды реттеу мақсатында Үкімет көші-қон мәселелері бойынша төрт кеңес өткізгенін, сондай-ақ премьер-министрдің бірінші орынбасары Р. Склярдың төрағалығымен Халықтың көші-қоны саласындағы мәселелерді үйлестіру жөніндегі штаб құрылғанын атап өтті. Оның сөзінше, ұлттық нарықты қорғау, мемлекеттік шекарада және шекара маңы өңірлерінде бақылауды күшейту, көші-қон заңнамасын сақтау жөніндегі шараларды, сондай-ақ келушілерді уақытша қоныстандыруға және бейімдеуге жәрдемдесуге бағытталған шараларды көздейтін көші-қонның өсуіне байланысты тәуекелдерді басқару жөніндегі іс-қимыл жоспары әзірленді.
Үкімет ұсынған мәлімет бойынша, осы жылғы қазан айында алдыңғы аймен салыстырғанда ресейліктер 65%-ға аз келген және күн сайынғы теріс сальдо орташа есеппен 1,6 мың адам болды.
Бұл ретте Әлихан Смайылов мигранттарға азаматтық беру кезінде мемлекеттік тілді білуі ескерілетінін айтты.
Қазіргі уақытта "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" Заңға мемлекеттік тілді, тарих пен ұлттық заңнаманың негіздерін білмеуді азаматтыққа қабылдаудан және қалпына келтіруден бас тарту үшін қосымша негіз ретінде көздейтін, сондай-ақ қос азаматтығы фактілерінің алдын алуға бағытталған түзетулер әзірленді.Әлихан Смайылов
Үкімет басшысы елімізде мемлекеттік тілді, қазақ халқының дәстүрі мен мәдениетін үйренгісі келетіндер үшін 40 Достық үйінде жұмыс істейтін 174 жексенбілік мектепте мемлекеттік тілді тегін үйренуге жағдай жасалғанын, онда мемлекеттік тілді үйренумен қатар, қазақ мәдениеті мен әдет-ғұрпымен таныстыру ісшаралары өткізілетінін атап өтті.