Еліміздің оңтүстігінде көмір бағасы шарықтап кетті
Шардара қаласында тұратын Күләш Сапарбаева таңертеңнен көмір таппай жүр. Қала ішіндегі бір көшеден қатты отын тиеген көрген, бірақ ол оны сатпай қойды,-дейді. Зейнеткердің айтуынша, аязды күндері үйді жылыту қиындап кетті, деп жазады qazaqstan.tv.
Биыл көмір қымбат. 40-тан 45 деп жатыр. 45-ке де бермеймін деп жатыр міне. Үйде екі мүгедегім бар. Көмірім қалмады. Көмір іздеп келсем, камазда көмір тұр сатылмайды дейді. Қыстың күні көмір бар, етіміз бар, жарық, суымыз бар. Ақша артылмайды, алтынды өткізіп, көмір алайық деп тұрмыз. Күләш Сапарбаева, Шардара қаласының тұрғыны
Қазір Шардарада жұрт көмір сататын орындарды күзетіп жүр. Бірақ қатты отын тиелген көліктердің қарасы көрінбейді. 80 мыңға тарта халық тұратын Шардара ауданында көмір тапшы. Халық қымбат болса да, қатты отынды ақшаға таппай жүр. Қазір арнайы орында тек бір ғана көлік көмір сатып тұр.
Ал көмір сатушылардың өз уәжі бар. Теміржол тұйықтарынан көмір алу қиындап, көк мұздан жол шығынымыз көбейді деп отыр.
Жол тайғақ, солярка қымбат. Солярка жоқ былай айтқанда. Шардарада солярка жоқ. Барады да 250-ден құяды. Одан басына барады да, 4-5 күн жатады көмір ала алмай. Ерғали Атабеков, Шардара қаласының тұрғыны
Көмірге қатысты туындаған проблеманы жергілікті билік біліп отыр. Бірақ Шұбаркөлден көмір келмей, мәселе шешілмейді дейді. Өйткені темір жолмен келетін қатты отынның көлемі биыл күрт азайған.
Екі-үш көлікті Арыс қаласына ұйымдастырдық бүгінгі таңға. Негізі барлық топбаздарда кезек болып жатыр. Біздің барған камаздарымызды былай айтқан кезде онша кіргізбей, қайтып неғылып жатыр. Жетісайдан тасып жатырмыз, Сарыағаштан тасып жатырмыз. Олжас Айдосов, Шардара қаласының әкімі
Қазір облыстың бірнеше аудан мен қаласында көмір тапшылығы бар. Ал бұған дейін облыс әкімі жауаптыларды жинап, жиналыс өткізгенде, қатты отын бәріне жетеді деп айтылған. Осыған сенген жұрт көмірді аз-аздап алып, енді аязда бүрсең қағып отыр.