Желіде "жұлдызға" айналған 4 жасар Ислам Егізқұм деген ауылда тұратын болып шықты
Әп-сәтте әлеуметтік желінің жұлдызына айналған 4 жасар Ислам кішкентай ғана Егізқұм ауылында туған. Оның есепке қызығушылығы 3 жасында байқалған. Тіпті тілі дұрыс шықпай тұрып-ақ санауды үйреніп алыпты. Қазір мыңдықтарды ойланбастан қосатын Ислам Көпбай енді көбейту кестесіне көшіпті, деп хабарлайды otyrar.kz.
"Исламның қызығушылығы 3 жасынан басталды. Әпкелерінің жанында отырып, 2 таңбалы сандарды қосып айта беретін еді. Сол кезден басталды. Енді қазір 4 таңбалыны да айта береді. 1250 деп жазып берсек параққа өзі шығарып тастайды...". Исламның анасы Гүлнар Қонарбаева
Исламның математикаға жақын болуы бекер емес екен. Себебі атасы Көпбай есеп десе алдына жан салмайтын адам болыпты. Исламның ағасы Қайрат Таңжарбаев атасының сол қасиеті немересіне берілген деп пайымдайды.
"Үлкен әпкелері сабақ оқып жатқанда қасында жүріп үйреніп алатын. Басында көліктің маркасын тез жаттап алатын. Атасы есепке жүйрік еді, содан берілген болар". Исламның ағасы Қайрат Таңжарбаев
Бұл отбасыда есепке жүйрік жалғыз Ислам ғана емес. Оның үш әпкесі де оқуда озат. Ата-анасы балаларына көз тиіп кете ме деген оймен бастапқыда видеоның таралуын қаламаған екен. Желі "жұлдызына" айналған балақайға бүгінде түрлі телебағдарламалардан шақыртулар келіп жатқан көрінеді.