Астанадан шығатын жолдың бәрі көктайғаққа байланысты жабылды
Астана төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 1 наурыз күні сағат 00:00 бастап республикалық маңызы бар "Астана - Ерейментау - Шідерті" тасжолының 16-200-шақырым аралығында көлік қозғалысына шектеу енгізілді.
Бұл - Астанадан Павлодар облысының шекарасына дейінгі учаске.
Жолдың жабылуына көктайғақ себеп болып отыр.
Бұған қоса, 00.00-де Астана - Қорғалжың тасжолының 19-124-шақырым аралығы жабылды.
Сонымен қатар 28 ақпан түнгі 23:15 бастап боранға байланысты Қызылорда - Павлодар автожолының 1367-1258-шақырым аралығында да бүкіл көлік түріне шектеу енгізілді.
Бұл - Ленин кентінен Екібастұзға дейінгі аралық.
Еске салайық, бұған дейін 1 наурызда қолайсыз ауа райына байланысты еліміздің 11 облысында ескерту жарияланғанын хабарлаған едік.