Зағиптарға арналған кітапхана 15 жыл бойы ғимаратты жалға алып келеді – депутат
Ол бұл жағдай шұғыл шешімді қажет етеді деп есептейді.
"Кітапхана 50 жылдан артық жұмыс жасап келеді. Бірақ, әлі күнге дейін жеке ғимараты жоқ. Кітапхана Алматы қаласы, Бөгенбай батыр көшесі, 214 мекен-жайы бойынша орналасқан «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінен («Қос» ҚБ) 2008 жылдан бері 2083 шаршы метр аумақты жыл сайын жасалған мемлекеттік сатып алу негізінде жалға алады", - деді Кенжеғұл Сейтжан.
Бүгінде кітапхана шетелдік гранттың арқасында DAGZBERRY арнайы компьютерлік бағдарламасына қазақ тілін енгізіп, бедерлі кітаптарды басып шығаруға қол жеткізіп отыр. Бірақ ғимарат жалда болғандықтан кітапхана өз баспасынан шыққан бедерлі кітаптардың ауқымын баспахана көлемі аз болғандықтан ұлғайта алмай отыр. Республика бойынша 13 зағип және көзі нашар көретін балаларға арналған арнайы мектеп-интернаттары және инклюзивті мектептерде оқитын оқушыларда брайль жазуымен қазақ тіліндегі кітап жетіспейді.
"Сондықтан әр мемлекеттік сатып алудан кейін кітапхананың қаланың бір ауданынан екіншісіне жиі көшуі аталған бірегей арнайы әдебиет қорының және кітапхананың басқа да құнды мүлкінің бұзылуына немесе ішінара жоғалуына әкелуі мүмкін. Кітапхана жалдамалы ғимаратта болғандықтан ешқандай жөндеу жұмыстары жасалынбаған. Кітапхана оқырмандары және «Қазақстан халық партиясы» Фракциясының депутаттары сізден осы ғимаратты толықтай сатып алып, мемлекеттік балансқа беру туралы түбегейлі шешім қабылдауыңызды сұрайды", - деді депутат Кенжеғұл Сейтжан.
Сонымен қатар депутат елде осы мәселе бойынша Жетісу, Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан облыстарында облыстық және Семей, Шымкент қалалық арнайы кітапханаларының өз ғимараты жоқ екенін, олар да жалға алып тұратынын айтты. Ал Ұлытау, Алматы, Түркістан облыстарында арнайы кітапханалар мүлдем жоқ.