Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарына жаңа прокурорлар тағайындалды
Бас прокуратураның мәліметінше, Президентінің келісімі негізінде бас прокурордың 2023 жылғы 15 мамырдағы бұйрығымен Мұрат Тлеубердиев Түркістан облысының прокуроры лауазымына тағайындалды.
Сурет: ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі
Мұрат Тлеубердиев 1973 жылы 20 қарашада Алматы облысының Қаскелең ауданында дүниеге келген.
Еңбек жолын 1999 жылы Алматы қаласы Бостандық ауданы прокурорының көмекшісі болып бастаған.
Әр жылдары бірқатар жауапты басшылық лауазымдарда қызмет еткен.
Алматы қаласы Алмалы ауданы прокуратурасының бөлім бастығы, қала прокуратурасының басқарма бастығының орынбасары, басқарма бастығы, Әуезов және Алмалы аудандарының прокуроры, Алматы қаласы прокурорының орынбасары қызметтерін атқарған.
Тағайындалғанға дейін Бас прокуратураның Кадрларды дамыту департаментін басқарды.
Қазақстан Республикасы Президентінің келісімі негізінде ротациялау тәртібінде Бас Прокурордың 2023 жылғы 15 мамырдағы бұйрығымен Қайрат Әбдіханов Солтүстік Қазақстан облысының прокуроры лауазымына тағайындалды.
Сурет: ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі
Қайрат Әлиханұлы 1972 жылы 16 мамырда Алматы облысының Талғар ауданында дүниеге келген.
Еңбек жолын 1996 жылы Алматы облысы Талғар ауданы прокурорының көмекшісі болып бастаған.
Әр жылдары бірқатар жауапты басшылық лауазымдарда қызмет еткен.
Оның ішінде Алматы қаласы Алмалы ауданы прокурорының орынбасары, Жамбыл аудынының, Талдықорған қаласының прокуроры, Атырау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстары прокурорының орынбасары, Алматы облысы прокурорының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған.
Тағайындалғанға дейін Павлодар облысының прокуроры лауазымда болды.
Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысы прокуратурасын басқарған Бағбан Таймбетов қызметті өткерудің шекті жасына жетуіне байланысты лауазымынан босатылды.