Жаңалықтар тізбегі
0

Тоқаев Қазақ және неміс жоғары оқу орындары ректорларының форумына қатысты

Тоқаев, сурет - Zakon.kz жаңалық 20.06.2023 18:22 Сурет: akorda
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер Қазақ және неміс жоғары оқу орындары ректорларының форумына қатысты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарына қарағанда, Мемлекет басшысы Астанаға арнайы келген Германия президентіне және неміс университеттерінің өкілдеріне алғыс айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапар қазақ-неміс ынтымақтастығын кеңейтуге мүмкіндік беретін еліміздің білім және ғылым саласындағы маңызды оқиға екенін атап өтті.

"Ғылым мен технологияны қоса алғанда, көптеген саладағы байланыстарымызды нығайтуға мол мүмкіндік бар. Қазақстанды Еуразиядағы зерттеу хабына айналдыру – менің арманым.  Осы орайда арманымның жүзеге асуында неміс университеттері маңызды рөл атқарады. Ал мүмкіндіктер туралы айтатын болсақ, әрине, біз экономикалық серіктестігімізді нығайтуға баса назар аударамыз. Неміс инвесторларының экономикамыздың дамуына белсенді атсалысуын жоғары бағалаймын. Қазақстан Үкіметі бизнес-қоғамдастықтың еліміздегі ұзақ және қауіпсіз қызметі үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды. Сіздердің бизнестегі, экономикадағы, сондай-ақ ғылыми саладағы кәсіптеріңіз табысты болуы үшін Қазақстан Үкіметі қабылдайтын барлық шараны талқыладық". Қасым-Жомарт Тоқаев

Президенттің айтуынша, Қазақстан ғылым мен технологияны дамытуға, қолдауға, сондай-ақ отандық жоғары оқу орындарының әлеуетін күшейту мәселелеріне баса мән береді.

"Мен Мемлекет басшысы ретінде бұл мәселеге айрықша мән беремін. Алдымызда ұзақ жол тұр. Дегенмен жолымыздағы барлық кедергіні сәтті еңсеретінімізге сенімдімін. Сондықтан біздің бұл бағыттағы міндеттеріміз айқын. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін Ғылым және жоғары білім министрлігіне анағұрлым белсенді болуды және бизнеске бағдарлануды тапсырдым. Мен жоғары технологияға басымдық беру қажет екенін үнемі айтып жүремін. Елімізде сапалы білім беретін университеттер жеткілікті. Алайда бізге сіздердің тәжірибелеріңіз керек. Германия көптеген елдің технологиялық дамуын ілгерілетуге септігін тигізетін технология саласындағы білім беру ісінде жетекші ел саналады". Қасым-Жомарт Тоқаев

Мемлекет басшысы мұндай кездесулер өзара тәжірибе алмасып, тиімді байланыстар орнатуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондай-ақ қол жеткізілген уағдаластықтар екі елдің ғылыми әлеуетін арттыруға септігін тигізетініне сенім білдірді.

"Германияның беделді ғалымдарынан құралған делегацияны елімізге алып келгені үшін әріптесім президент Штайнмайерге  ризашылығымды білдіремін. Бірлескен жұмысты табысты атқару үшін қажетті жағдайдың бәрін жасаймыз. Біздің ынтымақтастығымыз, достығымыз және бір-бірімізге тілеулестік ниетіміз табысты боларына сенімдімін".  Қасым-Жомарт Тоқаев

Сондай-ақ Ректорлар форумында Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер сөз сөйледі. Ол екі елдің жоғары білім беру, ғылыми зерттеу және студенттерді оқыту ісіндегі ынтымақтастықтың маңызды екенін атап өтті. 

Жиын аясында Қазақстан мен Германияның жоғары оқу орындары  арасында бірқатар келісімге қол қойылды. Жалпы, Ректорлар форумына 11 германиялық және 25 қазақстандық техникалық университеттің өкілдері қатысты.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: