Әлихан Смайылов Маңғыстау атом энергетикалық комбинатындағы жөндеу-қалпына келтіру жұмысын тексерді
ҚР премьер-министрінің баспасөз қызметінің 5 шілде күні таратқан мәліметінше, комбинатты аралау барысында Әлихан Смайылов Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев пен "МАЭК" ЖШС бас директоры Жасұлан Сүйіншәлиевтің ЖЭС-тегі қазіргі ахуал туралы, сондай-ақ болған апаттың салдарын жою бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндамаларын тыңдады. Жөндеу жұмыстары кесте бойынша жүргізіліп жатқаны айтылды, 7 шілдеде энергия блогын толық жұмыс режиміне шығару жоспарланып отыр.
Премьер-министр МАЭК-тің энергетикалық жабдықтарының тозуынан жабдықтар жиі істен шығып, апатты жағдайларға әкелетінін атап өтті. 3 шілдеде №1 энергоблоктың тоқтап қалуы салдарынан Маңғыстау және Атырау облыстарындағы нысандар жарықсыз қалды.
Сурет: primeminister.kz
"Үкімет энергетикалық жабдықтарды жаңғырту үшін 4,9 млрд теңге бөлу туралы шешім қабылдады. Бұл кәсіпорын жұмысының тұрақтылығын арттырады. Әкімдік барлық өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысын тез арада қалпына келтіруі қажет", – деді Әлихан Смайылов.
Әлихан Смайылов 4 шілде күні МАЭК пен АМӨЗ-дегі апат бойынша қорытындыны бір апта ішінде дайындауды тапсырды.