"Қазақстан шахтасында" қаза тапқан екі кенші жерленді
КТК телеарнасының хабарлауынша, 39 жылын шахтаға еңбегіне арнаған, 58 жастағы Виктор Бургунды шығарып салуға келгендердің қарасы қалың. Асыл әке мен аяулы жер деп жылаған отбасы мүшелері есеңгіреп жүр. Білікті маманды жоғалттық деген әріптестері де қабырғалары қайысып тұр.
"Әр уақытта бірдеңені күтеді ғой осылай, бірдеңе болғаннан кейін ғана басталады жұмыстың бәрі. Баяғыда Ленин шахтасында жиырма адамдай қайтыс болған кезде асфальт та салынды, жарық те істелді. Болмай-ақ қойсын ондай енді, алдын ала істесін".Марқұмның әріптесі Нұржан Райымбеков
Қаралы жиынға әкім қаралар мен депутаттар да келген. Олардың айтуынша, "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының құрғақ уәдесі елді шаршатқан. Компанияға қарасты шахталардың бәрінде заманауи құрылғылар "сөз жүзінде ғана жаңарып жатыр" дейді.
"Олар өздерінше алдайды, ылғи алдайды. 5 жылдық жоспар бар, 3 жылдық жоспар бар, біреуі орындалған жоқ. Ең құрымаса бес жылдық жоспардың 30 пайызын да орындаған жоқ. Мынаны алдын аламыз, ешқандай қауіп болмайды, өйтіп жатырмыз, бүйтіп жатырмыз деп көзімізді алдап жәй бірдеңе бере салады. Ал нақты орындалып жатқан ештеңе жоқ". Мәжіліс депутаты Құдайберген Бексұлтанов
59 жастағы Виталий Слюньков та шахтада 39 жыл еңбек еткен. Оның денесін жақындары үйінен шығарды. "Зейнетке жетсем, Ресейге көшем" деп жүрген екен. Бұрынырақ елден кеткен бала-шағасы алыстан келіп, әкелерін соңғы сапарға аттандырды. Қоштасуға келген кеншілер де көп.
Ал шахтаның өзінде 5 күн бұрын басталған өрт әлі сөндіріліп жатыр. Өйткені конвеерлік лентадағы өт көмір қабаттарына тиген. Сондықтан тар жерде тұтанған көмірдің қою қара түтіні мен бет қаратпас ыстығы өрт сөндірушілерді маңайлатпай жатқан көрінеді.
Қазір жер астындағы 10-нан аса өрт ошағымен 40 шақты өрт сөндіруші алысып жатыр екен. Одан көп адамды кіргізуге жер астындағы тар жолдар мүмкіндік бермейді. Сондықтан мамандар тілсіз жаудың беті қашан қайтарын нақты айта алар емес.
"Бізде былтыр Ленин шахтасындағы өрт кезінде 3 апта деп жоспарлағанбыз. Бірақ одан ерте сөндірдік. Сондай болуы мүмкін. Керісінше созылып кетуі де ғажап емес. Өйткені жанған көмірді сөндіру оңай емес. Сондықтан нақты айта алмаймыз". Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Вадим Басин
Қазақстан шахтасында еңбек ететін 1 450 адамның 600-ден астамы қазір басқа шахталарға жұмысқа жіберілген. Қалғаны өрт сөндірушілерге көмектесу үшін шахтада қалған.