"Қазақстан" шахтасында қаза тапқан Илья Старавойтовтың артында бір жасар баласы мен жас әйелі қалды
Шахтадағы өрт кезінде қаза тапқандардың ішінде ең жасы — Артур Халиков пен Илья Старавойтов. Шахтада 29 жастағы Артурдың жұмыс істегеніне 10 жыл болған, ал 27 жастағы Ильяның жұмыс істегеніне төрт жыл да толмапты. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Халиковтың жаназасы мешітте шығарылды. Ал Старавойтовті жақындары мен әріптестері ақтық сапарға шіркеуден шығарып салды. Оның артында бір жасар баласы мен жас әйелі қалды.
Сурет: видео скрині
Сурет: видео скрині
Шахтаның өзі алтыншы күн қатарынан өртеніп жатыр. Қызыл жалын ораған көмір қабаттары опырылып құлап жатыр екен. Мамандардың айтуынша, жерасты жолдарындағы металл тіреуіштері де балқып кеткен. Оларға тиген судан тар жердегі түтінге бу араласып, қарға адым жер көрінбейді. Өрт сөндірушілер "кәдімгі моншада жүргендей" күй кешіп жүр екен. Сондықтан қызыл жалын қашан ауыздықталып, жер астына сарапшылар қашан түсе алары әлі белгісіз.
"Бұл жұмыс атқарылғаннан кейін шахта ең кемі бір жылға дейін жұмыс істей алмайды. "Неге бір жыл?" деген сұрақ туады. Өйткені өрттен опырылған жер көп. Содан кейін жанған жерлер суытылуы керек. Егер бір айдан кейін өрт болған жерді ашып жіберсек, бықсыған шалаға оттегі жетісімен өрт қайта лап ете түседі. Мына еңбектің бәрі зая кетеді"."КӘАҚҚ РОШ" ЖШС Қарағанды филиалы директорының орынбасары Геннадий Селинский