Түркістан облысының полицейлері мал ұрлығының 8 фактісіне қатысы бар күдіктілерді ұстады
Түркістан облысының криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері ірі қара малды ұрлаумен айналысқан Қазығұрт ауданының екі тұрғынынан ұстады.
Күдіктілер қылмыстық әрекеттерді алдын ала жоспарлап, жайылымдарда адамдардың жоқ екеніне көз жеткізіп, малдарды ұрлап, ГАЗель көлігіне тиеген. Содан кейін ұрланған малдарды Сайрам, Сарыағаш ауданы және Тараздың мал базарларында сатқан. Мал ұрылары қылмыстық жолмен тапқан пайдасын өзара бөліскен.
Полицейлер күдіктілердің Қазығұрт ауданында жасалған мал ұрлығының 8 фактісіне қатысы барын дәлелдеді. Заттай дәлелдемелер ретінде ГАЗель автокөлігі мен 3 бас мал тәркіленді. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта күдіктілерге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабы ("Мал ұрлығы") бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, ұсталған адамдардың Түркістан облысының аумағында жасалған басқа да осындай қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.