Түркістан облысында 30 монша сабынды суды далаға төккен: сот процесі жүріп жатыр
Түркістан облысында жер астынан шығатын ыстық суды қолданатын 69 монша бар. Олар өңірдегі 41 емдік-ыстық су ұңғымаларын пайдаланады. Басым бөлігі Отырар, Келес, Сарыағаш және Ордабасы ауданында орналасқан. Тексеріс барысында 23 жуыну орны сарқынды суын талапқа сәйкес емес септикке төгетіні анықталды. Бұл туралы otyrar.kz хабарлады.
"Бірінші кезекте проблемалы болып жатқаны Сауран ауданындағы Қожанов елді мекеніндегі 4 ұңғымаға қосылған 5 монша. Олар қазір халыққа қызмет көрсетіп жатыр. Бұл моншалардан тәуілігіне 30-40 текше метр сарқынды су кәріз жүйесіне кетпей, жер бедеріне төгіліп жиналып жатыр. Қазір 4 моншаға қатысты сот процесі жүріп жатыр". Түркістан облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Руслан Мұздыбеков
Ал Отырар ауданында 15 қоғамдық монша болса, оның 11-і талапқа сай келсейді. Олар қалдық суын ауылдың сыртына ағызып жіберген. Ал ол сәйкесінше экологияға кесірін тигізіп жатыр. Сондықтан өңір басшысы бұл істі ертерек қолға алу керегін айтты.
"Бұл мәселені бір жола шешу керек. Ауылдарда суды арыққа ағызып жібере салатынын білеміз ғой. Экология департаменті мамандармен бірігіп тексеріңіздер. Кеңес үкіметінде бір ғана ұңғыма болған. Соны алып кәсіпкерлер көп ақша тауып отыр. Ал қалдықпен ешкімнің ісі жоқ". Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды
Сонымен қатар 30 монша кір суларын ашық жер бедеріне төккен. Салдарынан сабынды су малға, қоршаған ортаға және егістік алқаптарға зиян тигізіпті. Соған байланысты бизнес өкілдеріне эколог мамандар ескерту жасап, сүзгі аппаратын орнатуды ұсынып отыр.