Жаңалықтар тізбегі
0

Президенттің сайлауалды бағдарламасының іске асуы: Балаларға қандай жақсылық жасалды

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Президент жолдауы, сурет - Zakon.kz жаңалық 01.12.2023 15:11 Сурет: Ж. Жұмабеков
Әр адам өзін өзгертпейінше, өмірі де өзгере қоймайды. Дайын тұрған жұмыс болмаса, жаңадан бастаған істің бәрінің нәтижесін күту заңдылық. Қирап қалған үйдің өзін қайта тұрғызу үшін күш салу керек. Тіпті, бір анадан туға бес баланы бір үйдің баласындай ету үшін жан-жақты тәрбиелейсің.

Ал енді бір ауыл немесе қала емес, бүтін бір мемлекетті аяғына тұрғызу үлкен жауапкершілік екені ақиқат. Бір алданған адамның екінші рет сенуі қиын. Сол сияқты ел ішінде армандардың орындалатынына сенбейтіндер де табылды. Әлемдегі геосаяси жағдайларға қарап Қазақстанның басшысыз қалуы мемлекеттің тұтастығына қауіпті екенін түсіну қиын емес. Десе де, мұны біреу түсініп, көбісі ұққан жоқ. Арандатушылардың аңдығаны билік, тәуелсіздік емес. Сондай сын сағатта отандастарымыз дұрыс таңдау жасап, тыныштықты қалады. Халықтың басым көпшілігі сенім артқандықтан Қасым-Жомарт Тоқаевты президент етіп сайлады.

Мемлекет басшысы үшін азаматтардың құқықтары мен бостандықтары маңызды болғандықтан алдымен Конституциялық сот, Адам және бала құқықтары жөніндегі уәкілдердің жұмысын күшейтуді бірінші қолға алды. Бір жылдан бері "Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым" атты сайлауалды бағдарламасының орындалуына күш жұмсап келеді. Саналы ұрпақ сапалы білім мен тәлімді тәрбие арқылы қалыптасады. Балалар мәселесіне сайлауалды бағдарламада басымдық берілген. Президенттің Білім және ғылым министрлігін бөліп, оқу-ағарту ісін жеке дара министрлік етіп құруы білімге баса көңіл бөлгені. Өйткені жалпы білім адамның көзін ашатын өте маңызды білім.

Қай заманда да бала ұрпақ жалғастығы саналатын болашағымыз. Бүгін балның емін-еркін әрі дұрыс тәрбиемен өсіп-жетілуіне, білім алуына жағдай жасасақ, ертең ел үшін жемісін береді. Қазір көптеген ата-аналарға перзентінің жоғары оқу орнында оқуы мен оқу ақысы бір уайым. Баланы кәмелет жасына жеткізу де жалпыға бірдей оңай емес. "Ұлттық қор – балаларға" жобасын естіген жұрттың қуанышында шек болмады. Ай сайын балаға капитал жиналып жатса нұр үстіне нұр ғой. Президент ол заңға қол қойып қойды. Алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап заң күшіне енеді. Ең төменгі жалақының мөлшері 70 мың теңгеге дейін көбейгені де 2 млнға жуық жалдамалы жұмысшыға едәуір көмек болды. Бала күтіміне арналған мемлекеттік жәрдемақы мен әлеуметтік төлем беру мерзімінің 1 жылдан 1,5 жылға дейін ұзартылғаны талай сәбидің көмегіне жарады. Сондай-ақ, аз қамтылған отбасылардың 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларына берілетін кепілді әлеуметтік жәрдем азық-түлік түрінен ақшалай көмекке ауыстырылды.

2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды сапалы оқытумен қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылданып жатыр. Көптен бері үзіліп қалған үрдіс жалғасып, бастауыш сынып оқушылары жаппай ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп келеді. Баланың қарны тоқ болса, уайымы да жоқ болады әрі сабақты да жақсы оқиды.

Президент тапсырмасымен 2 миллионнан аса оқушы күнделікті құны 600-800 теңгелік ыстық тамақпен қамтылған. Бұрын тек Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, Павлодар, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Атырау облыстарының бастауыш сынып оқушылары қамтылса, жаңа оқу жылынан бастап барлық өңірде балалар тегін тамақтануда. Бұл жаңалыққа қуанбаған оқушы да, ата-ана да қалмаған шығар. Себебі, қазір мектеп асханаларында ас-ауқат, сәлем-сауқат оқушылар үшін өте қымбат. Мұндай да бір мезгіл тегін ыстық тамақтың өзі дәтке қуат береді. Көптеген ата-аналардың өтініші мектептегі асхана мәзірінің бағасын төмендету. Бұған біріншіден асхананың жалға беру ақысының тым қымбаттығы, сол сияқты инфляцияның төмен түспей тұрғаны себеп. Мектеп асханаларын мектеп әкімшілігің өз иелегіне қайтарып, тегін тамақтан тыс оқушылар мен мұғалімдердің, ата-аналардың да жағдайын ойлаған да дұрыс деп ойлаймын.

Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасындағы тағы бір өзекті мәселе шамадан тыс жүктемелі сыныптар, апатты мектептер мен үш ауысымда оқытуды түпкілікті шешу үшін 1,5 млн орынға көбейтілмек. Әлі Әлі де көрші ауылға қатынап оқитындар бар. Биыл сондай жүздеген мектепке оқушыларды тасымалдауға арналған арнайы автобустар тарту етілді. Жылына қанша бала өмірге келсе, сонша оқушы мектеп табалдырығынан аттайды. Демографиялық өсім өскен сайын білім ұясына деген сұраныс артады. 1,5 млн орынға көбейсе, мектеп мәселесі түпкілікті шешімін таппақ. Сол сияқты "Жайлы мектеп" Ұлттық жобасының өзі оқушыларды да, оқытушыларды қуантуда. 2025 жылға дейін елімізде 401 жайлы мектеп бой көтеріп, 800 мыңдай оқушы қамтылады деп күтілуде. Бұл мақсатқа қазынадан 2 трлн 600 млрд теңге бөлінбекші. Түркістан облысы бойынша білім ошақтарының құрылысына республикалық бюджеттен 344 млрд 600 млн теңгенің бөлінуі мемлекеттік қолдаудың үлкені болды. Биылдың өзінде 63 нысанның құрылысы басталып, оның ішінде жайлы мектептер де бар.

Ауыл балалары үшін сайлауалды бағдарламасында президент қойған тағы бір меже шағын қалалар мен аудан орталықтарында, ауылдарда жыл сайын мың мектептен заманауи стандарттарға сай жаңғырту және оқу құралдарымен жабдықтау. Өйткені ел ішінде интерактивті тақта, компьютер, химия, физика, биология сияқты пәндерге қажетті құрал-жабдықпен де, тіпті спортзал, акт залы да жоқ мектептер жетерлік. Әрі 100 берісі 80 жыл бұрын бой көтерген 50-ден аса апатты мектептер сүріліп, жаңасы салынад. Енді салынғанына 30 жыл болған ғимараттар 5 жыл сайын тексеріліп тұрады. Ізгіліктің бәрі балалар үшін керемет жаңалық.

Біз ұлдарымызды еркін күрестен, қыздарымызды кесте тоқу, жалпы бәрін домбырадан қол үзуіне жол бермеуіміз керек. Өкінішке қарай көптеген мектептерде үйірмелер мүлде жұмыс істемейді. Өнер үйрететін бапкерлер де, хореографтар да, домбырашылар да жетіспейді. Жастар бос уақытын телефонға телмірумен емес бір мезгіл үйірмеге барып, кітапханада өткізген жөн. Өйткені мәдениет пен әдебиет, өнер адамзатқа артықтық етпейтін қасиет.

Осы орайда президент балалардың шығармашылығы мен зияткерлік әлеуетін дамытатын оқушылар сарайы, жас техниктер стансалары, технопарктер, музыка және көркемсурет мектептері сияқты кемінде 100 жаңа әрі сәулетті нысандар салуды тапсырды. Мысалы, Шымкентте жаңадан ашылған оқушылар сарайында 70 түрлі үйірме жұмыс істеп тұр. Оның арасында шешендік өнер мен балаларды кітап оқуға баулу сабағы ерекше ұнайды. Кезінде мидай даладан мектеп ашып, хат танып, би-шешендері мен зиялылары көптен шыққан қазақтың әрбір баласы сөзге шешен әрі білімді болса қанекей.

Заман орнында тұрғанымен адамның білім-ғылым тұрғысынан тоқырауы ұят. Қоғам қандай жетістікке жетсе де білімділердің ізденімпаздығының арқасында деп білеміз. Ғалымдар алғашқы роботехниканы атам заманда ойлап тапқан. Қазір әлемде 2 млндай өндірістік робот бар. Роботехника өндірісінен АҚШ, Корея, Қытай, Жапония, Германия тұр. Техниканың өндірістік, тұрмыстық, авиациялық, әскери, ғашықтық және құрылысқа арналған түрлері толассыз сұранысқа ие. Бүкіл әлем роботехниканың түр-түрін пайдаланып келеді. Болат балқытып, мырыш құйған, уран мен мұнай алған елімізде кезінде техника түрлерін шығаратын зауыттар істеді. Ал, бүгінде экскаватор тұрмақ, рельстің өзін шығара алмаймыз. Бізде тіпті химик, физик, математик, биолог, технологтар азайып барады. "Болашақты кім оқытады?" деген сұрақ мазалайды. Білімге қомақты қолдау көрсетіліп жатқанда оқушыларды сұраныстағы іске баулу бір міндет. Көреген басшысымыз өзінің сайлауалды бағдарламасында робот техникасы мен химия, биология, физика, STEM пәндерінен 7 мың мектеп кабинеттерін ашуды жоспарға енгізді. Биылдың өзінде моноқалалардағы - 28, аудандық - 161 мектепте роботехника кабинеттерін құруға "Қазақстан халқы" қорынан 3,6 млн теңге бөлінді. "Болашақ инженерлер" бағдарламасының аясында 1-6 сынып арасындағы оқушылар құрастыру, бағдарламалау, электротехника, мехатроника бағыттары бойынша инженерлікті игереді. Балалардың роботехниканы құрастыруы, оны игеруі еліміз өсіп-өркендеуіне мол табыс әкеледі. Технология дамыған уақытта техниканың тілін түсінетін мамандар барлық салаға қажет. Қазір автоматтандырылған жүйеге көшкен зауыты фабрикаларда маман тапшылығы кәдімгідей сезіледі. Қашанғы шет жақтан технологтарды тартамыз. Бүгін мектеп қабырғасында роботехника тілін біліп, инновациялық тәсілмен оқыған жасөспірімдер, өскенде өздері қызмет етсе жақсы емес пе?

Пәндерді оқытудың инновациялық тәсілдерін енгізу де күн талабы. Телефон арқылы әлемді шарлап жүрген балаларды таң қалдыру да, оқуға қызықтыру да оңай болмай тұр. Бір жағынан ықылассыздықтан оқушылардың білім деңгейі төмендеп кеткен. Президент айтқандай білім беру ісін инновациялық тәсіл мен оқулықтарды цифрлық форматқа ауыстыру үшін жоғары жылдамдықты интернет желісі ауадай қажет. Алайда интернеттің нашарлығы талай адамды шаршатуда. Ауыл тұрмақ қаланың кей жерлерінде расында интернет дұрыс ұстамайды. Мынадай заманда интернеттен проблема болмауы тиіс қой. Цифрлық жүйеге көшу интернеттің әлсіздігінен оқушылар мен ата-аналардың жүйкесін жұқартпаса екен дейміз. Осы тұста компьютері жоқ оқушыларға техникадан тапшылық көрмейтінін атап өткен жөн. Барлық мұқтаждықты өтеу уақыт талап етеді. Әлі де компьютермен қамтылмаған мектеп оқушылары түсіністікпен қарайды. Бала-бақша, мектеп және колледждерде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жергілікті әкімдіктерге жүктелген міндет. Ата-аналардың айтуынша кей мектептердің маңайында оқушыларды торуылдайтын күмәнді адамдар жүретін көрінеді. Сол себепті көшелер жарықтандырылып, бейнебақылау камераларын білім ошақтарының іші-сыртына орналастыру керек.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, оқу пәндерін цифрлық форматқа көшіру көрсеткіші 93 пайызға орындалған. Цифрлық оқулықтарды 11 платформада 13 баспа дайындайды. Инновациялық тәсілмен оқытуды үйрену үшін мұғалімдерге арналған әдістемелер ұсынылады. Онлайн коммуникациялар мен цифрлық технологияларды меңгеру арқылы ұстаздар бұл бағытта білімін жетілдіреді. Не де болса, оқушылардың арқасынан жүк түсетін күннің ауылы алыс емес екен. Қазір скалиозға шалдыққан оқушы көп. Ауыр сөмке арқалаудың салдары ұл-қыздардың омыртқасының қисаюына әкеп соғуда.

Мемлекет басшысы ұлт саулығына бейжай қарамайды. Қазақстанда жылына 600 бала онкологиялық ауруға шалдықса, 500-дей сәби гемофилиямен ауырады. Сайлауалды бағдарламаға сәйкес балалар онкологиясы мен гемотологиясының ұлттық орталығын құруды үкіметке тапсырды. Бұл науқастың сырқатын анықтау мен сауықтыруға бағытталған кешенді жоба болғалы тұр. Президент пәрменімен балалар үшін атқарылып жатқан игілікті істер мұнымен бітпейді. Тіпті тұл жетімдер мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды қор қылмайтын кәсіби отбасыларға орналастыру да оойластырылған. Парламент Мәжілісінің қарауында Білім беру мен тәлімгерлік мәселелері бойынша Заң жобасы қаралып жатыр. Онда балалардың білім алуы, қауіпсіздігі мен құқықтары, өмірге бейімделуі, қоғамға пайдалы болуына қатысты өзгертулер мен толықтырулар енгізіледі. Сол сияқты Президенттің сайлауалды бағдарламасына сәйкес мамандандырылған мекемелер балаларды қолдау орталықтарына айналдырылады. Биыл балаларға арналған 50 сауықтыру лагері ашылды. Кей лагерлерде шу шықты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы мен жолдауларынан шикіліктер шығармау атқарушы биліктің басты міндеті. Өйткені атқарушы билік мемлекеттік басқарушы биліктің жер-жердегі өкілдері. Тізе берсек балаларға жасалатын жақсылықты жаңалықтар таусылмайды. Бір жылдың өзіне бірталай татымды тірлік тындырылды. Алдағы алты жылда да ауыз толтырып айтарлық игілікті істер атқарылады. Ел болып оңды өзгерістерге қуанып, жоспарланған жұмыстардың жүзеге асатынынына бек сенейік әрі атсалысайық. Халыққа жақын Президент қалың бұқараға сенім артады.

Балалар үшін жасалып жатқан жайлы мектеп, жақсы жағдайдан кейін балаларға тек сабақты жақсы оқып, елге қызмет ету қалды. Дала қоңырауы болған Ыбырай Алтынсарин "Оқымыстың байлығы, Күннен-күнге көп болар, Еш жұтамақ жоқ болар" десе, Абай хакім "Талаптан да өнер мен білім үйрен" демеді ме?

Қайрат Балабиев – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: