Жаңалықтар тізбегі
0

Жаңбыршин су мәселесін шешуге келгендегі Үкіметтің салғырт қимылын сынға алды

Мәжіліс депутаты, су тапшылығы, су қоры, Үкімет, сурет - Zakon.kz жаңалық 21.12.2023 12:36 Сурет: Ж. Жұмабеков
Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршиннің 20 желтоқсанда Мәжіліс отырысында жасаған баяндамасында еліміздегі су мәселесі бойынша туындаған жүйелі проблемаларға тоқталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Депутат келтірген мәлімет бойынша, Қазақстан жылына табиғаттан 25 миллиард текше метр су ресурстарын алатын болса, оның 21 миллиарды тұтынуға кетеді, қалған 4 миллиард су шығынданып, далаға кетіп жатыр.

"Өкініштісі, соңғы жылдары су шығындары – 48 пайызға өскен. Бұл өте қауіпті жағдай. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы: "2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін" – деп айтты. Аталған дефициттік цифра қазіргі таңда елімізде алынатын су қорының 60 пайызын құрап отыр. Болашақта осы су тапшылығы орын алса, 17 жылдан кейін еліміздің көп өңірлері сусыз қалуы әбден мүмкін. Эколог-ғалым ретінде пайымым, Мемлекет басшысы осы бастан бекерден-бекер су дефицитін қауіп етіп отырған жоқ. Жағдай қазірдің өзінде мәз емес", – деді Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин.

Осы ретте депутат су мәселесі бойынша біраз жүйелі проблемаларға тоқталып өтті. Ол сан түрлі бағдарлама қабылданса да, тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі 20 жылдан бері толық шешілмегенін алға тартты.

"2002-2010 жылдары "Ауыз Су", 2011-2020 жылдары "Ақ Бұлақ", ал 2020-2025 жылдарға арналған "Өңірлерді дамыту" және "Нұрлы Жол" сияқты 5 бағдарламаға бюджеттен 1,5 трлн теңгені нақты бөлдік. Дегенмен, әлі күнге дейін 51 пайыз ауыл таза ауыз суына қол жеткізе алмаса, 36 пайыз ауылда орталықтандырылған су жүйелері жоқ. 21 ғасырда, қыстың күні қырауда қол арбамен, бидонмен су тасыған ауыл тұрғындары жетерлік".Еділ Жаңбыршин

Оның айтуынша, агроөндірістік кешендердегі судың шығыны 40 пайызға жетіп отыр.Оған себеп, 30 жылдан бері ирригациялық каналдардың әбден тозуы, иесіз қалуы, уақтылы жөнделмеуі.

"Келесі мәселе, бұл салада су үнемдеуші технологияларды пайдалану деңгейінің өте төмендігі. Бізде тамшылатып суаратын әдістер жоқтың қасы. Игерілетін жерлердің тек 14 пайызында ғана су үнемдеу технологиялары қолданылады. Мысалы, құнарлы жері жоқ, тас пен құмның үстінде агроөндірісті дамытып отырған Израиль, суды үнемдеу тәсілдерінің арқасында 1 гектар жерге небәрі 6 метр куб су пайдаланады. Біз сондай жерге екі еседей су шығындаймыз", – деді Еділ Жаңбыршин.

Ол өндірісте суды қайта пайдалану мәселесін заңмен шегелеп, міндеттеу керек екенін баса айтты.

"Өйткені өндірістік кәсіпорындардың тек 30 пайызы ғана суды қайта пайдаланып отыр. Бір ғана мысал, көліктерді жууатын нысандар суды қайта пайдалануды жолға қоймаған. Ал, олардың көбі ауыз сумен көлік жуады. Қаншама су ысырап болып жатыр".Еділ Жаңбыршин

Бұдан бөлек депутат елімізде суды қайта пайдалану небәрі 2,5 пайыз екенін айтып ашынды.

"Еліміздің даласы көктемде көлге айналса, жазда шөлге айналады. Бұл мәселе жыл сайын қайталанып отырса да, әлі күнге шешімін табар емес. Құдайдың бізге берген ресурсын құмға құйып жатырмыз. Тасқын, ерінді қар, жауын-шашын сулары да Жаратушының бізге берген сыйы. Мұның бәрін ішкі су қорымыз деп қабылдауымыз қажет", – деді ол.

Деректерге сүйенсек Қазақстанның тұщы су қоры 43 млрд текше метр. Бірақ бұл мәлімет Кеңес Одағынан кейін қайта актуализациядан толық өткен жоқ. Яғни жер асты суларын қайта зерттеп, бағалап нақты қорын анықтау мемлекет үшін аса маңызды.

Ол жер асты су қорын – мұнай, газ, уран сияқты еліміздің стратегиялық қоры деп есептеу қажет екенін алға тартты.

"Оны қорғау, үнемдеу – аса маңызды міндет. Жер асты суларын басқаруда да кемшіліктер бар. Бұл маңызды ресурстарды басқаруды жүйелі іске асыру үшін, жер асты суларын басқару компетенциясын жаңа құрылған Су министрлігіне берген дұрыс болар еді". Еділ Жаңбыршин

Ол сондай-ақ Каспий теңізінің тартылуы мәселесін де сөз етті.

"Кейбір жағалаулар 3-4 км кетіп қалды. Жайықтың теңізге құятын жері 30-40 см болып қалған. Ертең теңіз порттарымыздың жағдай қандай болмақ. Бізге көрші мемлекеттермен бірлесіп кешенді зерттеулер жүргізіп, оның нақты себептерін анықтау қажет. Каспийді жоғалтсақ, елдің әлеуметтік экономикасы былай тұрсын, ол Арал теңізінің тағдырын қайталап, планетарлық масштабтағы экологиялық катастрофаға алып келетіні айтпаса да түсінікті".Еділ Жаңбыршин

Осы ретте ол Үкіметтің осы бағыттағы жұмысына көңілі толмайтынын жеткізді.

"Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев су тапшылығын шешу үшін арнайы 20 жаңа бөген салу мен 3,5 мың шақырымдық каналды жаңғыртуды тапсырды. Бүгінгі Үкіметтің салғырт, әрі баяу қимылынан жақын арада Қазақстандағы су тапшылығы мәселесі шешімін толық таппайтындай көрінеді", – дейді депутат.

Оның пікірінше, Жоғарғы аудиторлық палата жылына екі рет Мәжіліске есеп беруге тиіс.

"Бұл – Ата Заңымызбен бекітілген норма. Жоғары аудиторлық палатаның негізгі функцияларының бірі – бюджет қаржысын тиімді жұмсалуына мемлекеттік аудит жүргізу. Сондықтан болашақта әрбір есептеріңіз қаралып отырған проблеманы жан-жақты, ауқымды, терең зерделеп, жалпымемлекеттік деңгейде қарастырылуы қажет. Өйткені сіздер Заң шығарушы билік – Парламенттің мінберіне келіп отырсыздар".Еділ Жаңбыршин

Сондай-ақ ол Үкімет, ең бірінші кезекте суды үнемдеу идеологиясын пезидент айтқандай, ұлттық идеяға айналдыруды қолға алуға тиіс екенін атап өтті.



Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: