Тараздың үздік жастары марапатталды
Жастардың азаматтық және қоғамдық-саяси белсенділігін арттыру, қала жастарының білім, ғылым, өнер, мәдени, шығармашылық деңгейінің артуына және өңірдің жастар саясатындағы өзін-өзі басқару жүйесін қалыптастыруға жағдай жасауды мақсат еткен шарада әуелі "Тараздың жыр маржандары" атты жас ақындардың ұжымдық жинағының тұсауы кесілді. Аталмыш жинаққа 20-ға жуық жыр шайырының өлеңдері енген.
Сірет: Тараз қаласы әкімінің баспасөз қызметі
Бұдан кейін Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил сөз алып, ізгі жүрек жарды лебізін арнады.
"Қазіргі таңда Тараз қаласы тұрғындарының 30 пайызға жуығын жастар құрайды. Бүгінде оларды қолдау мақсатында баянды бастамалар мен жарқын жобалар жүзеге асып келеді. "Тараз AWARDS" жастар сыйлығы – соның жарқын көрінісі. Жыл сайын дәстүрге айналған байқауға қатысушылардың қатары жылдан-жылға артып келе жатқаны көңіл қуантады. Осының өзі шаһарымызда белсенді жастардың көбейіп келе жатқанын айқын аңғартып отыр", – деген Қайрат Әбілханұлы әр салада үздік атанған белсенді жастарға арнайы марапаттарды табыстады.
Сурет: Тараз қаласы әкімінің баспасөз қызметі
Атап айтсақ, "Жайдарлы Жастар КВН лигасы" жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Азамат Нұрлан "Үздік жайдарманшы", Тараз темір жол коммуникация колледжінің студенті Мирас Болат "Үздік жас спортшы", "Jambyl-Taraz" газеті бас редакторының орынбасары Мұратхан Әлімхан "Үздік жас баспа журналист", "Taraz 24" телеарнасының журналист-редакторы Гүлнар Тайжан "Үздік жас тележурналист", Жамбыл облысы әкімдігі дін басқарамасының маманы Асылхан Калмырзаев "Жас мемлекеттік қызметкер", Тараз қалалық №3 өрт сөндіру бөлімінің басшысы Бостанбай Абдуллаев "Үздік төтенше жағдайлар қызметінің жас қызметкері", М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Дәурен Мамыш "Жастар ісі жөніндегі үздік қызметкер", облыстық халық шығармашылығы орталығының қызметкері Аяна Ким "Қоғамдық қызметтегі үздік жас", Тараз қаласы әкімдігі медиа орталығының директоры Балнұр Бектұрғанова "Үздік жұмысшы жас", Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық университетінің студенті Аружан Мухан "Үздік жас волонтер", Дін проблемаларын зерттеу орталығы директорының орынбасары Бақдәулет Тілеухан "Үздік әлеуметтік қызмет маманы", "Озат білім компаниясы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мектебінің қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Ерлан Нұрланов "Үздік жас мұғалім", "Тараз Достары" жастар қоғамдық бірлестігінің мүшесі Елнұр Серік "Үздік мобилограф", Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Арсен Анарбек "Үздік оқушы" және Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының қызметкері Ғалия Абылай "Мәдениет саласының үздік жас маманы" номинациясына лайық деп танылды.
Сурет: Тараз қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Шара соңы өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласты.