Нұр-Сұлтан қаласында вакцина салдырған зейнеткерлер арасында шипажайларға жолдама ойнатылады
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Ішкі саясат басқармасы таратқан мәліметке сәйкес, Нұр-Сұлтанда 29 желтоқсанда коронавирусқа қарсы вакцина алған зейнеткерлер Сарыағаш (Түркістан облысы), Оқжетпес (Ақмола облысы), Мойылды (Павлодар облысы) шипажайларына тегін жолдама ұтып ала алады. Ұтыс ойынына елорданың кез келген вакцинация пунктінде вакцинаның бірінші компонентін салдырған зейнеткерлер қатыса алады.
Байқау автоматты режимде өткізіледі. Ол үшін құжат толтырып, тіркеуден өтудің қажеті жоқ. Санаторийге жолдамалардың ұтыс ойыны Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми парақшаларында (Facebook, YouTube) тікелей эфирде өтеді.
Сонымен қатар Нұр-Сұлтанда коронавирусқа қарсы вакцинацияланғандар арасында Мальдивиге екі адамға жолдама және басқа да бағалы сыйлықтар ойнатылады. Коронавирустың жаңа "омикрон" штамының таралуына байланысты шетелде болып жатқан қолайсыз эпидемиологиялық жағдайға байланысты ұтыс ойыны 2022 жылдың ақпан айына ауыстырылды. Оған 2021 жылдың 25 қазанынан 2022 жылдың ақпанына дейін вакцинаның 1-ші компонентін алғандар қатысады.
Бұған дейін елорда әкімдігі демеушілермен бірлесіп коронавирусқа қарсы вакцинацияланғандар арасында екі бөлмелі пәтер, автокөлік, 20-дан астам смартфон, тұрмыстық техника және басқа да бағалы сыйлықтар ойнатқан еді.
Елорда әкімдігіндегілердің айтуынша, бұл шараны ұйымдастырудағы мақсат – ұжымдық иммунитетті дамыту және бұрынғы карантинге дейінгі режимге қайтып оралу.