Қай мемлекеттер бетперде тағу режиміне оралып жатыр
Кипр
Кипрде СOVID-19-ға шалдығушылар саны 25 маусым мен 5 шілде аралығында 13 пайызға өсті. Сарапшылар мұны омикрон штаммының жаңа түрлерінің пайда болуымен байланыстырады. Мемлекет бетперде тағу режиміне оралады, деп жазады atorus.ru.
8 шілдеден бастап 12 жастан асқан Кипрдің барлық тұрғындары жұмыс орны, жалпы ғимарат ішінде де бетперде тағып жүреді. Бұл талапты бұзушыларға 300 евроға дейін айыппұл салынады.
Кипрдің Денсаулық сақтау министрлігі қазіргі уақытта жағдайды бақылауда ұстап отырғандарын мәлімдеді. Алайда, болашақта билік СOVID-19 ауруының өсуіне байланысты жаңа шектеу шараларын енгізуі мүмкін.
Франция
Ниццада бетперде тағу міндеттеліп жатыр. Бұл шара, қала мэрі Кристиан Эстрозидің айтуынша, коронавирустың жетінші толқынына байланысты қабылданды. Жарлық 11 шілдеде күшіне енеді. Тұрғындар көлікте жеке қорғаныс құралдарын пайдалануы керек.
Францияның басқа қалаларында бетперде тағу әзірге ұсыныс сипатында. Франция үкіметінің өкілі Оливия Грегуардың айтуынша, жалпы алғанда, ел бойынша жаңа шараларды қайта енгізуді жоспарлап отырған жоқ, өйткені француз азаматтары "шектеулерден шаршады".
Катар
Катар да бетперде тағу режиміне оралып жатыр. 7 шілдеден бастап жабық нысанда және қоғамдық көліктерде бетперде тағу міндеттелді.
Елде ауру жұқтырғандар саны өсу үстінде, сондықтан сарапшылар бұл шешімді көбінесе алдын-алу мақсатында қабылдады деп санайды, өйткені Катардың алда футболдан Әлем чемпионатын өткізуі тиіс (21 қараша – 18 желтоқсан).
Тәжікстан
Тәжікстанда құрлық шекарасы мен әуежайларда тексеруді күшейту жөнінде шешім қабылданды. Мұның себебі - коронавирус ауруының қайта қанат жаюы. Бірақ Тәжікстанның өзінде емес, көрші елдерде.
Сондықтан сырттан келушілердің дене температурасы өлшенеді. Егер ол жоғары болса, онда ПТР-тест өткізу міндеттеледі.
Адамның деректері тұрғылықты жері бойынша емханаға жіберіледі және ол адам дәрігерлердің бақылауында болады. Егер бұл республикаға келген қонақтар болса, онда олар тұратын жердегі ең жақын емханаға бекітеді.
Қазақстан
Алматы СOVID-19-дың таралу деңгейі бойынша "сары" аймаққа енді. Қаланың бас санитарлық дәрігері жабық нысандарда бетперде тағуды ұсынады. Нұр-Сұлтан "сары" аймаққа жақындап келеді.
Австралия
Австралияда да коронавирус қайта бой көтеріп жатыр. Әзірге елдің федералды Денсаулық сақтау министрі Марк Батлербетперде тағуды міндеттеу шарасына қайта оралуға шақырған жоқ. Ол азаматтардан сақтық шараларын сақтауды сұрады.
Егер сыртта қандай да бір ғимарат ішінде болып, әлеуметтік қашықтықты сақтау мүмкін емес екенін білсеңіз, онда бетперде тағуды ойлаңыз. Бұл ауруды жұқтыру ықтималдығын азайтады, – деді Австралияның Денсаулық сақтау министрі.