Түркияға Түркістан облысынан түрік тілін жетік меңгерген 9 білікті дәрігер аттанады
Бұл туралы облыс әкімінің Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіндегі Түркия Республикасы өкілдігі қызметкерлерімен кездесуі және Түркиядағы жер сілкінісінен қаза тапқандарды еске алу іс-шарасы кезінде белгілі болды.
"Тізімге алынған Түркістан облыстық клиникалық аурухананың білікті дәрігерлерінің қатарында терапевт, ортопед, нейрохирург, ангиохирург, проктолог, хирург, невролог мамандары бар. Олар түрік тілін еркін меңгерген. Бірқатары Түркияда тәжірибеден өтіп, біліктілігін арттырған", делінген облыстық әкімдік баспасөз қызметінің хабарламасында.
Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова мен ректор өкілі Пеями Баттал бауырлас елдегі төтенше жағдай студенттер мен оқытушыларға ауыр тигенін, университет қызметкерлері тарапынан Түркияға гуманитарлық және өзге де көмектер көрсетілетінін мәлімдеді.
Ректор осы оқу ордасында білім алып, Түркияда білімін жетілдірген дәрігерлер хабарласқанын, олардың апат орнына барып, көмек көрсетуге дайын екенін атап өтті.
Университеттегі еске алу шарасынан кейін облыс әкімдігі атынан зілзаладан қаза тапқан марқұмдардың рухына ас берілді.