Қолайсыз ауа райына байланысты Алматы облысы мен ШҚО-да үш жол учаскесі жабылды
11 қаңтар сағат 20.00-дегі ақпаратқа сәйкес, екі облыста ауа райының нашарлауына байланысты (айналаның көрінуінің нашарлауы, қар көшкінінің жүру қаупі) республикалық маңызы бар тас жолдардың 3 учаскесінде қозғалыс уақытша шектелді. Алматы облысында:
- "Көкпек-Кеген-Түп" тасжолының Көкпек ауылынан Кеген ауылына дейінгі жол учаскесінде;
- "Алматы-Көкпек-Көктал-Қорғас" күре жолының Байсейіт ауылынан Шонжы ауылына дейінгі аралықтарында көліктің барлық түрі үшін қозғалысқа шектеу енгізілді.
Шығыс Қазақстан облысында қар көшкінің өздігінен түсу қаупі орын алғандықтан "Өскемен-Алтай-Үлкен Нарын-Катонқарағай-Рахманов" тасжолында Ушановское ауылынан Алтай қаласына дейін көліктің барлық түрлері үшін қозғалыс шектелді.
"Автожолдарды қардан тазалау үшін 420 жол-пайдалану техникасы және 540-тан астам қызметкер жұмылдырылды"."ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ
Айта кетсек, 12 қаңтарда Қазақстанның алты өңірінде қатты аяз, тұман, боран болатыны болжанып, ескерту жарияланды.