Қазақстандық құтқарушылардың екінші эшелоны Түркияның Газиантеп қаласына келіп қонды
"Қазіргі уақытта жабдықтар мен жеке құрамды түсіру жұмыстары жүргізілуде. Осыдан кейін жаңадан келген құтқарушылар үшін іздестіру-құтқару жұмыстарына арналған учаскелер айқындалатын болады", делінген ҚР ТЖМ баспасөз қызметінің хабарламасында.
ТЖМ жедел әрекет ету күштерінде авариялық-құтқару құралдары мен жабдықтардың 150-ге жуық және дәрі-дәрмектердің 160-тан астам түрі бар.
Түркияға тартылған қазақстандық құтқарушылардың жалпы саны 100 адамды құрайды.
Айта кетсек, алдында қазақстандық құтқарушыларды тағы бір объектіге тарту туралы шешім қабылданғаны белгілі болды. Бұл - іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатқан учаскелердің жанында орналасқан толығымен қираған үй.
Бұл нысанда ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының кинологиялық есептобының Джейкоб есімді иті тірі адамның үйінділердің астында болуы мүмкін екендігі туралы белгі берді.
Сурет: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі
Джейкобтың белгісі бойынша "тыныштық минутын" жариялау туралы шешім қабылданды. Бұл уақыт көмек сұраған кезде адамдардың үйінділердің астындағы дауыстарын естуге арналған.
Джейкоб - нағыз дос, малинуа тұқымының иті. Төтенше жағдайға тап болған адамдарға қаншама рет көмектескен. 6 жыл бойы құтқарушы болып жұмыс істейді.