Үмітіміз үзіліп барады. Түркияда із-түзсіз жоғалған қазақстандықтың ағасы іздеу жұмыстары жайлы айтты
Rescue KZ телеграм-арнасында жарияланған хабарламаларда: "Бізге техника, крандар, процесті тездететін адамдар керек. Минуттар маңызды, барынша көмек қажет" делінген.
Жоғалған Қазақстан азаматының ағасы Алмат Құрмашев бейжай қарамайтындардың барлығына үндеу жолдады.
"Бізге жақындарымызды табуға көмектесетін барлық нәрсе керек. 70 тонналық кран, FPV дрондары немесе камерасы бар радиомен басқарылатын көліктер, тепловизорлар, аудио датчиктер. Мұның барлығы бізге өте қажет."
Оның айтуынша, олардың достары үйінді астында жатыр.
"Өкінішке орай, техника берілмеді, мұнда да құтқарушылар жоқ. Өкінішке орай, үміт сөніп барады. Шынымды айтсам, енді не істерімді білмеймін. Ойымызға келгеннің бәрін орындадық", - деді Алмат Құрмашев.
Сонымен қатар, ол ауа райы бұзылып, күн суытып кеткенін айтты.
8 ақпан күні кешке үйінді астынан қазақстандық Сабина Мамадьярова табылды.
Бұған дейін Түркияның Қазақстандағы елшісі Уфук Экиджи із-түзсіз жоғалған төрт қазақстандық туралы айтқан болатын. Үшеуі Хатай провинциясында жоғалып кетті, оның ішіндегі Сабина Адана қаласынан табылды.
Түркияның Төтенше жағдайлар департаментінің соңғы мәліметі бойынша, 12 391 адам қаза тауып, 62 914 адам жарақат алған.