Қазақстан құтқарушылары үйінді астынан тағы үш адамды аман алып шықты
Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігі құтқарушыларының екінші эшелоны Түркияға келгеннен бері тәулік бойы іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізілуде.
Екінші эшелонды іздестіру орны Газиантеп қаласынан 69 шақырым жердегі Нұрдағы қаласындағы толығымен қираған ғимарат болды.
Бұл нысанда қазақстандық құтқарушылар адамдардың орналасқан жері мен жағдайын анықтау, үйінді астында зардап шеккендермен дыбыстық байланыс орнату, қажетті көмектің көлемі мен сипатын анықтау бойынша бір мезгілде жұмыс жүргізді.
Қазақстандық құтқарушылардың үлкен тереңдікте үйінді астынан зардап шеккендерді эвакуациялау үшін құтқару жолын ұйымдастыру бойынша жедел және сауатты іс-қимылдар жасалды. Сондай-ақ зардап шеккендерді шығару кезінде шапшан қабылданған шаралардың арқасында түнде үйінді астынан тағы 3 адамды құтқару мүмкін болды. Көлемі 18 мың м3 астам жерден, ер адам мен екі әйел шығарылды.
Адамдарға дереу медициналық көмек көрсетілді.