Өскеменде көпқабатты үйдегі түтіннің салдарынан 80 адам эвакуацияланды
Ломоносов көшесіндегі 5 қабатты тұрғын үйдің жертөлесінде тұтанған қоқыс пен ескі заттардың салдарынан ащы түтін пайда болды. Түтін бүкіл үйге жайылды.
Келген өрт сөндірушілер дереу тұрғындарды эвакуациялауға кірісті. Баспалдақ арқылы 80 адам эвакуацияланды. Оның ішінде 15 бала бар. 85 жастағы әйел қолмен шығарылды.
Құтқарушылар диск кескіштің көмегімен жертөленің есігін ашты. Ал өрт сөндірушілер 3 шаршы метр аумақта тұтануды сөндірді және түтіннің шығуын тоқтатты.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, мұндай қатты түтіннің шығуына сөндірілмеген темекі немесе сіріңке түріндегі тұтану көзі себеп болған.
Ал Шығыс Қазақстан облысында орман өртімен күресу жалғасып жатыр.