Мемлекет басшысы «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңға қол қойды
Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады, делінген Ақорда хабарламасында.
Заң жобасында 30-дан астам ұғым мен терминнің анықтамалары қарастырылған. Соның ішінде өнеркәсіп, өңдеуші өнеркәсіп, өнеркәсіптік саясат, Индустрия 4.0, шикізаттық емес экспорт және өзге де өзекті ұғымдар қамтылған. Қолданыстағы мемлекеттік реттеу бүкіл жеке кәсіпкерлік субъектілеріне бағытталған. Алайда өнеркәсіп кәсіпорындарына нақты назар аударылмаған. Осыған байланысты жаңа терминдерді регламенттеу тиімді өнеркәсіптік саясатты қалыптастыру үшін құқықтық негіз жасамақ.
Заң жобасының басты жаңалығы – мемлекеттік ынталандырудың жаңа шараларын және инфрақұрылымның элементтерін бекіту бойынша Үкіметтің құзыретін енгізу. Бұл мемлекеттік аппаратқа икемділік пен жеделдікті береді және бизнес үшін қажетті маңызды шешімдерді уақтылы қабылдауды қамтамасыз етеді. Мемлекеттік ынталандыру өңдеуші өнеркәсіптің тиімді кәсіпорындарына бағытталады. Бұл үшін басым тауарлар тізбесін қалыптастыру және бекіту бойынша уәкілетті органның құзыреті көзделген.