Жол белгілері мен жарнама мемлекеттік тілде болады. Президент заңға қол қойды
Бұл туралы Ақорда сайтында хабарланды.
Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, делінген хабарламада.
8 желтоқсанда Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат енгізген түзетулермен келісті. Құжат ҚР Президентіне қол қоюға жіберілді.
Сенат «Діни қызметтер және діни бірлестіктер» туралы заңға өзгерістер енгізді, атап айтқанда:
«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңда ар-ождан бостандығы құқығын жүзеге асыру параметрлерін анықтау;
ғибадат үйлерінен (ғимараттардан) тыс өткізілетін діни іс-шараларды алдын ала хабарлама беру немесе бермеуі бойынша нақтылау, сәйкесінше ғибадат ету орындарында, зираттар мен крематорийлерде, тұрғын үйлерде, қоғамдық тамақтану объектілерінде жүргізілетін діни іс-шаралар хабарланбайтын болады, өйткені олар заңнамаға сәйкес кедергісіз жүргізілуі тиіс;
діни бірлестіктердің ғибадат үйлерінен (ғимараттардан) тыс жерлерде діни іс-шаралар өткізу туралы хабарлама беру рәсімін жеңілдету бойынша.
Сондай-ақ, құжат мемлекеттік тілдің рөлін одан әрі күшейтуге бағытталған. Атап айтқанда, жол белгілеріндегі жазбаны мемлекеттік тілде жазу, сондай-ақ хабарландыруларды, жарнаманы, прейскуранттарды, баға белгілерін, мәзірлерді, нұсқауларды және басқа да көрнекі ақпаратты мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда, егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше жағдай көзделмесе, орыс және басқа да тілдерде орналастыру көзделеді.