Тоқаев БАӘ халқына ел президентінің қайтыс болуына байланысты көңіл айтты
Ақорданың хабарлауынша, көшбасшылардың кездесуі Президенттің Абу Дабидегі Қасру-л Мушриф сарайында өтті.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан көңіл айтып, шейх Халифаның елді өркендету жолындағы ерен еңбегін атап өтті.
Әмірліктердің ел ішіндегі және халықаралық деңгейдегі көптеген жетістігі шейх Халифаның есімімен байланысты. Оның дана басшылығымен БАӘ Таяу Шығыстағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың күшті жақтаушысы болды, сонымен қатар бүкіл араб әлемі үшін қарқынды экономикалық өсу мен әлеуметтік дамудың үлгісі болды. Сондықтан біз оның қайтыс болуын БАӘ үшін ғана емес, бүкіл әлем қоғамдастығы үшін орасан зор қайғы деп қабылдаймыз. Қасым-Жомарт Тоқаев
Сурет: akorda.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Халифа бен Зайд Әл Нахаянның Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы қатынастарды дамытуға елеулі үлес қосқанын атап өтті.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Мұхаммед бен Зайд Әл Нахаянды БАӘ Президенті болып сайлануымен құттықтап, оның басшылығымен әмірліктердің одан әрі гүлдене беретініне сенім білдірді.
Сурет: akorda.kz
БАӘ Президенті өз кезегінде осындай ауыр жағдайда арнайы келіп, жеке қолдау көрсеткені үшін Қазақстан көшбасшысына ризашылығын білдірді, сондай-ақ елорда көшелерінің біріне шейх Халифаның аты берілетініне алғысын айтты.
Сурет: akorda.kz
Кездесу соңында Мемлекет басшысы БАӘ Президентін Қазақстанға сапармен келуге шақыруын нақтылады.
БАӘ Президенті Халифа бен Заид Әл Нахаян 13 мамырда дүние салды.