Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы Ұлытауда өтеді
Сурет: wikimedia
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Қазақстан халқына жасаған үндеуінде бабалар дәстүрін жаңғыртып, Ұлттық құрылтай құру туралы көтерген бастамасын іске асырылатынын жария етті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қастерлі Тәуелсіздігімізді, ел бірлігін және қоғамдық келісімді нығайту – біздің негізгі міндетіміз. Бұл реформалар құр атақ-абырой үшін қолға алынған жоқ. Мұның бәрін Жаңа, Әділетті Қазақстан құру үшін жасап жатырмыз. Халқымызда «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген сөз бар. Бабаларымыз маңызды мәселені алқалы жиында шешкен. Мен осы дәстүрді жаңғыртып, Ұлттық құрылтай құру туралы бастама көтердім. Оған қоғамның түрлі топ өкілдері, беделді әрі белсенді азаматтар шақырылады. Құрылтайдың алғашқы отырысы ұлт ұясы – Ұлытауда өткізіледі. Осылайша, азаматтардың мемлекет ісіне атсалысу мүмкіндігі арта түседі. Шын мәнінде, еліміздің тағдыры – әрқайсымыздың қолымызда. Біз қоғамдық және жеке құндылықтар жүйесін түбірімен жаңғырта білуіміз керек. Сонда ғана барлық салада түбегейлі өзгеріс жасай аламыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев
Президенттің айтуынша, жаңа Қазақстанның ең басты байлығы – халық. Ал, ең негізгі мақсаты – азаматтардың бақытты өмір сүруін қамтамасыз ету.
Әрбір азаматымыз саяси өзгерістер мен экономикалық өсімнің жемісін көруі қажет. Құрғақ уәде мен бос сөз ешқайда апармайды. Мен үшін нақты іс пен шынайы өзгеріс бәрінен маңызды. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін бар күш-жігерімді саламын. Референдум қорытындысы біздің мемлекеттігіміздің тарихында мүлде жаңа дәуір басталғанын көрсетеді. Халқымыз өз таңдауын білдіру арқылы түбегейлі бетбұрыс жасауға ұмтылысын көрсетті. Жасампаз ел болуға деген ықылас-ынтасын байқатты. Елімізді дамыту үшін әлі де көп жұмыс атқаруымыз керек. Бүкіл ел болып жұмылсақ, көздеген мақсатымызға міндетті түрде жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Сондай-ақ Мемлекет басшысы бүгін тәуелсіз Қазақстанның даму тарихында жаңа дәуірге жол ашылғанын, осы жолда бірлігіміз әрдайым бекем болуын тіледі.
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript