Тоқаев ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары саммитінің нәтижелі болғанын айтты
Мемлекет басшысы бүгінгі іс-шара ТМД елдерінің COVID-19 пандемиясынан кейінгі алғашқы толыққанды саммиті екенін атап өтті.
Шағын құрамда біз ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтудың өзекті мәселелері жөнінде жан-жақты пікір алмастық, Тәуелсіз мемлекеттер достастығын дамытудың негізгі басымдықтарын айқындадық. Бұл COVID-19-дан кейінгі ТМД-ның офлайн форматтағы алғашқы толыққанды саммиті екенін атап өткім келеді. Жалпы, астанамызда қайта бас қосуымыз қуанышты жай.Қасым-Жомарт Тоқаев
Мемлекеттер басшылары бірден ресми құжаттарға қол қою рәсіміне көшуге келісті.
Қажет құжаттарға қол қойылып жатқанда біз ТМД Атқарушы хатшысы лауазымын ТМД Бас хатшысы лауазымына өзгерту туралы мәселені шағын форматта талқылағанымызды жариялағым келеді. Аталған мәселеге қатысты мен осындай ұсыныс жасадым. Себебі кеше біз АӨСШК Атқарушы хатшысы лауазымын Бас хатшы лауазымына өзгерту туралы шешім қабылдадық. Бұған дейін ШЫҰ-ның Атқарушы хатшысы да Бас хатшы лауазымына өзгертілді. Негізінде, бұл атқарушы орган лауазымының мәртебесін арттыру үшін маңызды.Президент
Президент сөзін қорытындылай келе, өткізілген саммиттің нәтижелі болғанын айтты.
Құжаттарға қол қою рәсімі аяқталды. Осылайша, біздің отырысымыз нәтижелі болды деп айтуға толық негіз бар. Сонымен қатар құжаттарды қабылдаудан бөлек делегация басшылары, менің ойымша, ТМД шеңберіндегі көпжоспарлы өзара іс-әрекеттің кең ауқымы және халықаралық күн тәртібі жөнінде өте пайдалы пікірталас өткізді. Осы ретте айтылған маңызды ұсыныстар мен қаралған құжаттар ТМД кеңістігіндегі ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және жетілдіруге бағытталады. Бұл ортақ мақсатымызға сай келеді. Сөз соңында ТМД Атқару комитетінің қызметкерлеріне, біздің сарапшыларға, мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысын дайындауға және өткізуге тікелей атсалысқан Достастықтың барлық органына ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар жиында ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев, Ресей Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенко сөз сөйледі.
ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің төрағасы, Қазақстан gрезиденті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының грамотасын мемлекетаралық "Мир" телерадиокомпаниясының төрағасы Радик Батыршинге табыс етті.
Кездесу соңында ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары Мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы мәлімдемеге қол қойды. Сонымен бірге Достастықты одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар құжат қабылданды.