Тоқаев Мирзиёевпен кездесті
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестіктің қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылады, делінген Ақорда хабарламасында.
Сонымен қатар тараптар Орталық Азия мемлекеттері басшыларының және Еуропалық Кеңес Президенті Шарль Мишельдің қатысуымен өткен кездесудің қорытындысы жөнінде пікір алмасты. Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысқаны және мазмұнды сөз сөйлегені үшін Шавкат Мирзиёевке ризашылығын білдірді.
Өз кезегінде Шавкат Мирзиёев аталған шараның өткізілу деңгейін жоғары бағалап, кездесуді ұйымдастырғаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты. Сондай-ақ бүгінгі шарада аймақтағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдарын талқылауға жақсы мүмкіндік болғанын атап өтті.
Алдында Ақорда резиденциясында Қасым-Жомарт Тоқаев 26 қазанда Қазақстанға ресми сапармен келген Еуропалық Кеңестің президенті Шарль Мишельмен келіссөздер өткізген болатын. Сондай-ақ олар БАҚ өкілдеріне арнап брифинг өткізді. Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары бірлескен мәлімдеме жасады.