Тоқаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары аяқталды
ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқае 15 қаңтар күні "Абу Даби тұрақты даму апталығы" саммитіне қатысу үшін ресми сапармен Біріккен Араб Әмірліктеріне барды.
16 қаңтар күні Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары аясында "Абу Даби тұрақты даму апталығы" саммитіне қатысып, өз сөзінде жаһандық маңызы бар өзекті тақырыптар талқыланатын ауқымды халықаралық шараны ұйымдастырғаны үшін жоғары мәртебелі шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянға алғыс айтты.
Президент анағұрлым таза әрі "жасыл" әлем жолындағы орнықты даму баршаға ортақ міндет екенін атап өтті.
17 қаңтарда Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ Премьер-министрінің орынбасары шейх Мансұр бен Заид Әл Нахаянмен кездесті.
Ақорда сайты Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті Шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянның бірлескен мәлімдемесін жариялады.
Мемлекет басшысы Қазақстан – БАӘ инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты.
Қазақстан Республикасының Президенті Жоғары Мәртебелі Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті Биік Мәртебелі шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянға жылы шыраймен қабылдағаны және жоғары деңгейдегі қонақжайлылығы үшін шынайы алғысын білдіріп, оны Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Шақыру қабылданды.
18 қаңтар күні Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ Вице-президенті, Премьер-министрі, Дубай әмірлігінің билеушісі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактуммен кездесті.
Мемлекет басшысы қонақжайлық көрсеткені үшін шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактумға алғыс айтып, Біріккен Араб Әмірліктеріне жасаған ресми сапары аясында нәтижелі келіссөздер жүргізілгенін және екі ел арасында маңызды екіжақты келісімдерге қол жеткізілгенін атап өтті.