Кентауда тамақтан жаппай уланғандардың саны 95-ке жетті
Бұл туралы 29 маусымда Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асқар Искаков айтты.
Шендінің айтуынша, 27 маусымда Кентау қаласында "Ризық-Рауаны" фаст-фуд қоғамдық тамақтану орнындағы азаматтардың жаппай тамақтан улану дерегі тіркелген. Аталған жағдай негізінде 28 маусымда Кентау қалалық полиция бөлімімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойынша қылмыстық іс қозғалды.
"Бұған дейін өткен жылдың тамыз айында 8 адам, қазан айында 168 адам уланған болатын. Аталған деректер бойынша Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі тарапынан заң аясында тиісті шаралар қабылданған. Бірінші жағдайда жеке кәсіпкерге 230 АЕК айыппұл салынып, құқық бұзушылықты жою туралы ұйғарым берілген. Екінші жағдайда ҚР Қылмыстық Кодексінің 304-бабы 1-бөлігімен Кентау қалалық полиция бөлімімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойынша қылмыстық іс қозғалған. Қылмыстық істің қаулысы негізінде СЭББ тарапынан жоспардан тыс тексеру тағайындалған. Тексеру нәтижелерінде көптеген кемшіліктер анықталған", - деді Асқар Бекболатұлы.
Брифингте спикер тергеп-тексеру барысында анықталған кемшіліктерге тоқталды.
Атап айтсақ, нысанда өндірістік бақылау бағдарламасы жоқ, нысан қызметкерлері (аспаздар мен даяшылар) алдын ала профилактикалық медициналық тексеруден толық өтпеген. Жұмыс істейтін 20 қызметкердің тек 12-де ғана медициналық кітапшасы бар, шикізат пен өнімнің қауіпсіздігін куәландыратын құжаттары толық емес.
Өнімдерді сақтау кезінде олардың тауарлық көршілестігі сақталмаған, яғни ет өнімдері, құс еті мен сүт өнімдері, көкөністер мен жемістер, барлығы бір тоңазытқышта араласа сақталған.
Қызметкерлердің жеке және арнайы киімдерін, жеке заттарын сақтауға арналған орын қарастырылмаған. Сонымен қатар, жұмыртқаны сақтауға, жуып өңдеуге арналған арнайы ыдыс арналмаған, өнімдердің жарамдылық мерзімдері өткен.
Зертханалық зерттеуге алынған сынамалар жұмыс үстінде. Енді сот бұл іске алдағы кезде нүкте қоймақ.
Брифинг барысында Кентау қалалық орталық ауруханасының бас дәрігері Асылбек Утебаев науқастардың қазіргі жағдайы туралы баяндады. Спикердің айтуынша, зерттеу нәтижесінде науқастардың барлығы 25-26 маусым күндері аталған дәмханадан пицца, чикен және суши алып жегені анықталған.
"Кентау қаласы орталық қалалық ауруханасы жұқпалы аурулар бөліміне бүгінге дейін тағамдық токсикоинфекция диагнозымен 95 науқас қаралды. Олардың қатарында 3 жүкті әйел бар. Барлық науқастардың жағдайы тұрақты орташа ауырлықта. Қанағаттанарлық жағдайдағы 28 науқас амбулаторлы емге жіберілді, оның ішінде 19 ересек, 9 бала бар", - деді бас дәрігер.
Жалпы науқастардың барлығына қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Дәрі-дәрмек жеткілікті. Жағдай толық бақылауда.