Түркістан облыстық әкімдігі қыз баланың өлімі туралы: Сарыағаш ауданында жағдай тұрақты
Оқиға орнына 13 шілдеде түнде ерекше бақылау және тұрғындармен қосымша түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында облыс әкімінің міндетін атқарушы Н.Көшеров, облыс прокуроры М. Тілеубердиев, Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы М. Қабденов, ҰҚК Түркістан облысы бойынша департаменті бастығының бірінші орынбасары Т. Мелдешов, облыс әкімінің орынбасары Б. Тәжібаев барды.
Пышақ жарақаттарынан қайтыс болған қыздың денесі сот-медициналық сараптамадан өткеннен кейін бүгін, яғни 14 шілде күні жер қойнына тапсырылды. Сараптама қорытындысы жедел түрде 20 күн ішінде шығарылады.
ҚР Президенті Бас прокуратура мен ІІМ-не болған қайғылы оқиғаның мән-жайын мұқият түсінуді тапсырды. Күдіктіге қатысты ҚР қолданыстағы заңнамасы шеңберінде тиісті шаралар жүргізілетін болады.
Қолда бар ақпаратқа сәйкес, күдікті бұрын 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілгені үшін сотталған. Биыл денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылға бас бостандығын шектеуге үкім шығарылған.
Қазіргі уақытта ауыл тұрғындарымен ақсақалдар, құзыретті органдар және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері кездесу өткізіп, түсіндірме жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қызынан айырылған отбасыға жан-жақты көмек көрсетілуде.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етуге жатпайды.