Сарыағаштағы бес жасар қыздың өліміне қатысты күдікті екі айға қамауға алынды
Тергеп-тексеру органы күдіктіге тағылған айыптардың аса ауыр қылмыстар санатына жататынын, бұған дейінде аса ауыр, ауыр санаттағы қылмыстарды жасағаны үшін сотты болғанын, оның бостандықта жүріп жәбірленушіге, куәларға қысым көрсету ықтималдығын, істі объективті тергеп-тексеруге немесе сотта талқылауға кедергі келтіруі мүмкін екендігін көрсетіп, соттан күдіктіге қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялауды сұрады.
"Тіркелген құжаттарда күдікті Г.С 2023 жылы 13 шілдеде сағат 13-30 шамасында спирттік ішімдік тұтынып, мас күйінде келе жатып, үйінің алдында ойнап жүрген 2018 жылғы жас бала Е.Н-ды көрген. Жыныстық нәпсі құмарлығын қанағаттандыру мақсатында "жақсы ән қойып беремін" деп оны алдап-арбау арқылы үйінің ауласына кіргізген. Одан соң күш қолдану арқылы жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып, оған қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін қасақана жасаған. Ол өзінің жасаған аса ауыр қылмысын жасыру мақсатында жәбірленушінің көкірегі мен қарынына бірнеше рет пышақ жұмсап, қасақана өлтірген", делінген сот хабарламасында.
Соттың 2023 жылғы 15 шілдедегі қаулысымен күдікті Г.С-ға 2 ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтарпау шарасы санкцияланып, іске қатысушыларға қаулымен келіспеген жағдайда оны апелляциялық тәртіппен шағымдану құқықтары түсіндірілген.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысындағы бес жасар қыздың өліміне қатысты істі жан-жақты тексеруді тапсырды.
Күдіктінің бұрын ауыр қылмысқа барғаны белгілі болды. Түркістан облыстық соты күдіктіге соңғы рет не үшін шартты жаза берілгенін түсіндірді. Сондай-ақ аталған қайғылы оқиғаға байланысты Бас прокуратура мәлімдеме жасады.