Түркістанда ТМД-ға мүше елдердің ішкі істер министрлерінің кеңесі өтті
Жиынға Қазақстанның атынан министр Ержан Саденов бастаған ІІМ делегациясы қатысты. Кеңес жұмысына Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстанның ішкі істер министрлері, Армения полициясының басшысы, Тәжікстан, Әзірбайжан мен Түрікменстан ішкі істер министрліктерінің, ТМД Атқарушы комитетінің, ТМД-дағы ұйымдасқан қылмысқа және қылмыстың өзге де қауіпті түрлеріне қарсы күресті үйлестіру бюросының және ТМД-дағы терроризмге қарсы орталықтың өкілдері қатысты.
Кеңес қатысушылары психотроптық заттардың таралуына қалай тосқауыл қою керектігін талқылады.
Қазақстанда бұл бағытта қазір алдын алу жұмыстарына, есірткі зертханаларын іздеуге және жоюға баса назар аударылып жатыр. Жыл басынан бері осындай 59 цех жойылды.
Сондай-ақ Алматыда шетелдік әріптестермен өзара іс-қимыл жасай отырып, полицейлер бірқатар Достастық елдерінің азаматтарынан құралған трансұлттық ҰҚТ-ның жолын кесті. Қылмыскерлерден 80 тоннадан астам прекурсор тәркіленді. Осылайша 10 тоннадан астам дайын есірткінің өндірісі тоқтатылды.
Кеңес отырысында 2024-2028 жылдарға арналған жол жүрісі қауіпсіздігін арттыру жөніндегі кешенді жоспар қабылданды, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің құзыретті органдарының халықаралық бақыланатын жеткізуді ұйымдастыру және жүргізу тәртібі туралы шарттың жобасы мақұлданды, бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды.
Іс-шара соңында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ішкі істер министрлерінің қатысуымен брифинг өтті.