Антикор тәркіленген Еуропа мен Дубайдағы виллалар мен элиталы үйлерді көрсетті
Антикор хабарламасында сотқа мыңнан астам қылмыстық іс жолданғаны, олар бойынша 282 млрд теңге залал өтелгені нақтыланады.
"2021 жылдан бастап бюджетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне шамамен 857 млрд теңге сомаға мүліктік активтер мен ақшалай қаражатты қайтару қамтамасыз етілді. Оның ішінде 159,8 млрд теңгесі шетелдік юрисдикциялардан түскен ақша қаражаты түрінде. Бұл сома мемлекет бюджетіне түсті". Антикор
Ведомство мәліметінше, Австриядан 36,8 млрд теңге, Лихтенштейннен 116,7 млрд теңге, Біріккен Араб Әмірліктерінен 6,3 млрд теңге, Түркиядан 253 млн теңге қайтарылды.
Сондай-ақ Антикор Дубайда орналасқан виллалар, сондай-ақ Мәскеудегі элиталық пәтерлер, Францияның Антиб қаласындағы үй, Алматы мен Астанадағы бизнес-орталықтар мен қонақүйлер көрсетілген видеоны жариялады.
Ведомство өкілдері заңсыз сатып алынған активтерді қайтару бойынша жұмыс жалғасып жатқанын айтты.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жергілікті атқарушы органдарда тіркелген жемқорлық қылмыстарға ерекше назар аударады. Жыл басынан бері өңірлерде барлығы 215 лауазымды тұлға әшкереленді, оның 137-сі – басшылар. Жемқорлыққа ұшыраған мемлекеттік қызметшілердің ең көп саны Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Ақмола, Абай және Жетісу облыстарына тиесілі", делінген хабарламада.