Мәжіліс БҰҰ-ға шағымдану тәртібін реттейтін хаттаманы ратификациялады
Мемлекет басшысы 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында "Бала құқықтары туралы конвенцияның" хабарламалар рәсіміне қатысты Факультативтік хаттамаға қосылу туралы шаралар қабылдауды үкіметке тапсырды. Осы мақсатта 2023 жылы 7 ақпанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Штаб-пәтерінде ұйымдағы еліміздің Тұрақты өкілі бұл Факультативтік хаттамаға қол қойды.
Үшінші Факультативтік хаттама ратификацияланған жағдайда еліміз "Бала құқықтары туралы конвенцияның" барлық (үш) факультативті хаттамаларына толығымен қосылуды аяқтайды, ал Қазақстандық әр бала өз құқықтарын халықаралық деңгейде қорғау мүмкіндігіне ие болады. Факультативті хаттамаға сәйкес балалар мен олардың заңды өкілдері Біріккен Ұлттар Ұйымының Бала құқықтары жөніндегі комитетіне ел аумағындағы барлық ішкі құқық қорғау құралдары арқылы, соның ішінде барлық деңгейдегі соттарда қаралып, шыққан шешіммен келіспеген жағдайлар бойынша ғана жүгінуге құқылы.
Ал Факультативтік хаттама аясында түскен хабарламаларды Біріккен Ұлттар Ұйымының Бала құқықтары жөніндегі комитеті құпия және жабық тәртіппен қарап, ұсынымдарын қажет шараларды қабылдау үшін қатысушы мемлекетке жолдайды. Бала құқықтары жөніндегі комитеттен келіп түскен сұраулар мен пайымдаулардың қаралу тәртібі Бас прокуратура, Әділет және Сыртқы істер министрліктерінің бірлескен бұйрығымен нақты регламенттелген (БП-№26; ӘМ-№78; СІМ-№4 01.02.2022 ж)
"Балалар мәселелері әрқашан ерекше назар аударуды қажет етеді және олардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету басты міндетіміз. Мемлекетіміз 1994 жылы Бала құқықтары туралы конвенцияны, 2001 жылы оның "Балалардың қарулы жанжалдарға қатысуына байланысты" және "Балаларды саудалауға, балалар зинақорлығына және балалар порнографиясына" қатысты екі хаттамасын ратификациялады. Бүгінде үшінші факультативтік хаттаманы ратификациялау арқылы біз балалар құқықтары мен бостандықтарын қорғау бағытында тағы бір маңызды қадам жасаймыз", - делінген Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың баяндамасында.