"Заңда балаларды отбасынан ажырату туралы норма жоқ". Аида Балаева видео үндеу жолдады
Министрдің видео үндеуі Facebook-тегі парақшасында жарияланды.
"Бүгін Мемлекет басшысы көптен күткен және кеңінен талқыланған әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғауды күшейту туралы заңға қол қойды. Аталған құжаттың мәні мен маңызына тоқталып өтейін". Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева
Біріншіден, адамның қадір-қасиетіне, әлімжеттік пен қатыгездік көрсетуге, қорлауға қарсы нақты нормалар қарастырылған. Атап айтқанда:
- адам денсаулығына тигізген жеңіл зиянға 50 тәулікке дейін қамау немесе 200 АЕК-қа дейін айыппұл;
- қол көтергені үшін 25 тәулікке дейін қамау немесе 80 сағатқа дейін қара жұмысқа жегу немесе 80 АЕК-ке дейін айыппұл салу ретінде қылмыстық жауапкершілік қарастырылады.
"Ал егер осындай қылмыс кәмелетке толмаған тұлғаға қатысты аса қатыгездікпен жасалатын болса, онда қылмыскер екі жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Өз кезегінде кәмелетке толмаған немесе шарасыз жағдайда қалған жанды азаптаған, не болмаса денсаулығына ауыр немесе орта деңгейде зиян келтірген, бала өлтірген, немесе жыныстық қылмыс жасағандар үшін заңда бар ең ауыр жаза - өмір бойына бас бостандығынан айыру", - дейді министр өз сөзінде.
Сонымен қатар Аида Балаева балаларға қатысты немесе отбасы тұрмысында бұрын-соңды қандай да бір құқық бұзғандар үшін ерекше талаптар енгізілгенін де жеткізді.
"Мәселен, оларға сот шешімімен медициналық ұйымдарда психологиялық емдеуден өту міндеттеледі. Ал отбасы мүшелерін қорғау мақсатында, сотқа аса қажет болса, олардың бір шаңырақ астында тұруына тыйым салу құқығы берілді. Жалпы, тұрмыстағы осындай күш қолдану фактілеріне қатысты дереу шара қолдануына мүмкіндік жасау үшін өкілетті органдарға БАҚ-та жарияланған ақпаратты негізінде алуға рұқсат беретін нормалар қарастырылған". Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева
Екіншіден, суицидтің алдын алу үшін адамның өз-өзіне қол жұмсауына себепкер болған тұлға үшін 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру түрінде қылмыстық жауапкершілік артылады. Сонымен қатар өз-өзіне қол салуды үгіттейтін насихат үшін 200 АЕК көлемінде айыппұл салу түрінде қылмыстық жауапкершілік енгізілді.
Буллинг пен кибербуллинг үшін 10 АЕК көлемінде айыппұл төленеді.
Үшіншіден, интернатта жататын балалардың құқығын қорғау мақсатында тиісті органдарға балалардың жататын жағдайын кедергісіз тексеруге құқық берілді. Осы арқылы мұндай ұйымдарда мемлекеттік бақылау ешбір ескертусіз жасалатын болады.
Төртіншіден, отбасы негіздерін күшейту мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған жаңа нормалар бар.
"Мәселен, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сақтау, ерлі-зайыптылардың өзара әрі балаларды ұлттық рухта тәрбиелеудің ортақ отбасы, некелік, заңнамалық қағидаттарын бекіту ұсынылды. Осы орайда республикамыздағы отбасыны қолдау орталықтары туралы арнайы норма қарастырылды. Өйткені осы уақытқа дейін олар әртүрлі жағдайда жұмыс істеп келді. Ендігі жерде бұл орталықтар мемлекеттік отбасы саясатын, соның ішінде некені сақтап қалу, қиын жағдайға душар болған отбасы мүшелерін қолдау, зорлық-зомбылық көрген жандарды қамқорлыққа алу сияқты нақты міндеттерді атқарады". Аида Балаева
Өз кезегінде осы бағыттағы жұмысты үйлестіру үшін жергілікті атқарушы және сайланбалы органдарға бірқатар өкілеттіліктер берілді.
Бесіншіден, заң жобасында балаларды отбасыдан ажырату туралы бір де бір норма жоқ.
"Ендеше әлеуметтік желідегі осыған қатысты әртүрлі алып-қашпа ақпараттың барлығы жалған екендігін жеткіземін. Мемлекеттің бұл бағыттағы саясаты, ең алдымен, отбасыны сақтап қалуды, баланың бүтін отбасында өсуін, ата-ананың бала тәрбиесіндегі маңызды рөлін көздейді. Естеріңізге сала кетейін, мемлекет отбасы ісіне тек баланың өмірі мен денсаулығына қатер төнген жағдайда ғана араласып, бала құқығын қорғайды. Ана мен бала, олардың адами құқығы баршамыз үшін ең маңызды басымдық болуы шарт", деп сөзін түйіндеді министр.
Айта кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 15 сәуірде "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға қол қойды.
Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) 15 сәуірде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қорғайтын заң қабылдағаны үшін Қазақстанға өз ризашылығын білдірді.