Астанада "үй салып беремін" деп адамдардан 135 млн теңге алған жігіт алты жылға сотталды
Сот үкімі 2024 жылғы 7 маусымда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында шығарылды.
Сотта сотталушының 2020 жылдың тамызы мен 2021 жылдың желтоқсаны аралығында жеке үй салу кезінде алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен жәбірленушінің жалпы сомасы 79,5 млн теңгеден астам қаражатын ұрлағаны анықталды. Сондай-ақ, тура осындай жолмен 2021 жылдың қаңтар айынан желтоқсанға дейінгі аралықта тағы бір жәбірленушінің жалпы сомасы 56 млн теңге ақша қаражатын қолға түсірген.
Сотта сотталушы кінәсін мойындамады, іс-әрекеттерінде азаматтық-құқықтық қатынастардың бар екендігін айта отырып, өзін ақтауды сұрады. Ол келтірген залалдың орнын толтырмады.
"Сот үкімімен Ж. бірнеше рет аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, коммерциялық ұйымдарда әкімшілік-шаруашылық міндеттерді орындаумен байланысты лауазымдарды атқару құқығынан 7 жыл мерзімге айырыла отырып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Жәбірленушілердің азаматтық талап қоюлары қанағаттандырылып, сотталушыдан келтірілген материалдық залалдың сомасы өндіріліп алынды", делінген Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты хабарламасында.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.