Кәрім Мәсімовтің бұрынғы орынбасарына тағы екі бап бойынша күдік келтірілуде
ҰҚК Ерғожинге қатысты тергеу жұмыстары әлі жүргізіліп жатқанын айтты. Қазіргі уақытта оған ҚР ҚК-ның 218-бабы, 3-бөлігі, 3-тармағы, яғни "Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті заңдастыру (жылыстату)" және ҚР ҚК-нің 366-бабының 4.4-бөлігі - "Аса ірі мөлшерде пара алу" бойынша қүдік келтіріледі.
Тергеу мүддесіне сай басқа мәліметтер жария етуге жатпайды.
2023 жылдың 24 сәуірінде Кәрім Мәсімовке қатысты сот үкімі шықты. Ол мүлкі тәркіленіп, өмір бойына мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан айырылып, 18 жылға сотталды. Отанға опасыздық жасау, билікті күшпен басып алу және лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану бабы бойынша ол кінәлі деп танылды. Әнуар Садықұлов 16 жыл, Дәулет Ерғожин 15 жыл, Марат Осипов үш жыл бас бостандығынан айырылды.
14 қарашада Кәрім Мәсімовке қатысты жаңа қылмыстық істер ашылғаны белгілі болды. ҰҚК мәліметтері бойынша, оған ақшаны жылыстатып, аса ірі көлемде пара алды деп күдік келтіріледі.