14 адамның өмірін қиған Семей орманындағы өрт: сотталған екеу апелляциялық шағым түсірді
Соттың хабарлауынша, бұған дейін І сатыдағы сот үкімімен В. және К. өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін кінәлі деп танылып, абайсызда 14 адамның өліміне әкеліп соқтырды (ҚК 292-бабының 3-бөлігі) және әрқайсысы 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
"Сот үкімімен келіспей, сотталғандар мен олардың адвокаттары апелляциялық шағымдарында үкімнің күшін жоюды және ақтау үкімін шығаруды сұрады. Бірінші сатыдағы сот белгілегендей, орман өрті кезінде "Семей орманы" резерватында басшылық лауазымдарды атқарған В. және К. өрт сөндіруді ұйымдастыру бойынша өздеріне жүктелген міндеттерді орындамаған, жағдайды дұрыс бағаламаған және өртті сөндіру кезінде қауіпсіздік техникасының сақталуын қамтамасыз етпеген, бұл 14 адамның қаза болуына әкеліп соқтырған", делінген сот хабарламасында.
Апелляциялық шағымдарды қарағаннан кейін алқа үкімнің күшін жою үшін негіздерді қарастырмады, өйткені сотталғандардың кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, жүргізілген сараптамалармен, оқиға болған жерді тексеру хаттамаларымен, заттай дәлелдемелерді алу хаттамаларымен және істің басқа материалдарымен толық дәлелденді.
"Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен үкім өзгеріссіз, апелляциялық шағымдар қанағаттандырусыз қалдырылды", делінген сот шешімінде.
2023 жылы 8 маусымда "Семей орманы" резерватында ірі орман өрті болды. 9 маусымға қарай өрт алаңы 30 мың гектарға дейін ұлғайып, орманшылықтың үш қызметкері қаза тапты. 14 адамның өмірін қиған өрт бір айдан астам уақыттан кейін сөндірілді. Орман өрті кезінде адамдардың қаза болуына байланысты Қазақстанда 12 маусым жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.