Жұмыссыздық, сыбайлас жемқорлық, өзгерістер жолы жайында Алматы облысы әкімінің эксклюзивті сұхбаты

Сусыз, жолсыз және даланың қақ ортасында «ертегі қала» жоқ диқандар – Алматы облысының әкімімен эксклюзивті сұхбат, сурет - Zakon.kz жаңалық 08.06.2023 10:00 Сурет: Zakon.kz
Тура бір жыл бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен Қапшағай Алматы облысының әкімшілік орталығы болды. Қала Қонаев болып өзгерді. Осы уақыт ішінде облыстың келбеті түбегейлі өзгерді.

Zakon.kz редакциясы өңір басшысы Марат Сұлтанғазиевпен кездесті. Облыс әкімі өңірдің қысқа мерзімде қандай жетістіктерге жеткенін, сондай-ақ қандай инвестициялық жобаларды жүзеге асырыла бастағанын айтып берді. Алматы облысы мен оның орталығы Қонаев қаласы таяу жылдары қалай дамитыны жайында да әңгімеледі.

– Марат Елеусізұлы, тұрғындар өңірдегі ауыз су мәселесіне жиі шағымданып жатады. Әкімдік мәселені шешу үшін қандай шараларды қолға алып жатыр? Қанша елді мекенге таза су берілді, әлі қаншасы жете алмай отыр?

– Бізде 384 елді мекен бар. Екі-ақ ауылда ауыз су жоқ. Оған биылдан бастап жобалық сметалық құжаттарды дайындап жатырмыз, су береміз, бірақ мәселе басқада. Бізде 674 саяжай бар. Ол саяжайларға үкімет су жүргізуге міндетті емес. Әрине, ол жақта адамдар өз күшімен су өткізген, басқа мердігер, инвестор тапқан. Олардың суы күнделікті бола бермейді. Жаз кезінде судың қысымы немесе құбырдың қимасы кішкентай болғаны себепті тапшылық байқалады. Сондай мәселелер туады.

Судың жетіспеуінің тағы бір себебі – құрылыс жүргізу. Өйткені Алматының төңірегіне адамдар көп көшіп келеді, сұраныс көп, көпқабатты үйлер салынады. Егер көпқабатты үйлердің ішінде сорғыш болса, әрине, судың бәрі соларға жұмсалады. Ал ауылда тұратын азаматтар сол күндері сусыз қалады. Бұл мәселе, әсіресе, жазда ушыға түседі.

Былай қарасаңыз, су тапшылығы екі-ақ ауылда болғанымен, бірақ жалпы жоғарыда айтқан 674 саяжайды да, кейін Алматының төңірегінде салынып жатқан көпқабатты үйлерді де проблема деп айтуға да болады.

Екінші жағынан, бұрыннан істеп келе жатқан құбырлардың 52%-ы тозған. Оларды да жөндеуіміз керек. Әрине, құбырларды дұрыстамай, су мәселесі шешілмейді. Сол себепті ол жағынан да біраз жұмыстарды істедік. Биыл 360 миллион теңгені сметалық құжаттарды дайындауға жұмсадық, кейіннен 26 жоба бойынша былтыр жұмыстарды бастадық. 23 жоба бойынша биыл жұмысты бітіреміз.

Бүгінде Алматының төңірегінде үйге деген сұраныс көп. Әрі қарай да осылай құрылыс ешбір есепсіз жүргізілсе, әрине, су тапшылығы бола береді. Сол себепті біз алдымен су, газ, жарық мәселесін шешкеннен соң ғана құрылысқа рұқсат беруге көштік. Бүгінде кешенді құрылыс жүргізуге ғана рұқсат беретін болдық. Егер бәрі сатып алған жеріне үй сала берсе, тапшылық бола берді. 


– Ауыл тұрғындары ауыз су мәселесіне көндіксе, диқандар әр жылы құзырлы органдардан апатты жағдайда тұрған суару жүйесін реттеуді сұрап жатыр, облыста қанша шақырым суару жүйесі жарамай тұр? Қай аудандарда күрделі жөндеуді қажет етеді? Ал диқандар не істеуі керек, биліктің егінді сақтап қалу үшін қандай жоспары бар?

– Алматы облысы ауыл шаруашылығына бейімделген, халықтың 84%-ы ауылда тұрады. Су құбырларын, суару жүйелерін жөндеу бізге үлкен мәселе болып тұр. Жалпы бізде 9,5 шақырым суару жүйесі бар. Оның тозғаны себепті судың бекер кетуі де көп.

БАК-тан су төменгі ауылдарға жеткенше 60%-ы құмға сіңіп кетеді. Өйткені бұрынғы лотоктарды алмаған, арық жүйесі қалмаған. Соны өзіміздің қолға алдық. Облыстық су шаруашылығы коммуналдық мекемесін құрдық, жұмысты рет-ретімен бастап жатырмыз.

Биыл Жамбыл, Іле, Талғар аудандарында бастаймыз. Бұған 3 миллиард теңге бөлінген. Егер мұны толық жүзеге асырсақ, біз 21 мың гектар пайдаланылмаған жерді қайтадан айналымға қосамыз. Егер су жүйесін толық дұрыстап алсақ, біз 54 мың гектар жерді қосуға мүмкіндігіміз бар. 


– 2022 жылы өңірдегі Антикор білім беру, жер қатынастары, денсаулық сақтау салаларында сыбайлас жемқорлық жиі болатынын хабарлады. Биыл да облыстағы шенеуніктер парамен ұсталып жатыр. Әсіресе, Қарасай ауданында сыбайлас жемқорлық деректері көптеп кездеседі. Қазіргі ахуал қалай? 

– Құқық бұзудың бәрі қаржылық тәртіптен басталады ғой. Егер тәртіп болмаса, жемқорлыққа, парақорлыққа жол ашылады. Сол себепті биылдан бастап аппараттың ішінде бақылау басқармасын құрып, білім және басқа ведомстволарды қадағалауды бастадық. Бұрын болмаған, жұмыс жүргізілмеген. Өткенде Жетісу облысындағы білім басқармасында үлкен резонанс тудырған іс болды. Сол күні Антикормен бірлесіп, жұмысты бастадық. Қазір осы салада толық тексеріс жүргізіп жатырмыз. 

Жер мәселесі бойынша, көбіне кездесетін бұзушылық – сегментация жасау. 10 гектарды 100 адамға бөліп беріп, 10 сотықтан сатып жібереді. Әрі қарай адамдар саяжай салады. Ал судың, газдың бәрі біздің мойнымызда қалады. Бүгінде мұны тоқтаттық. Қазір жерді сегментациялауды қойдық. Егер бұл ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер болса, солай қалуы керек. Оған үй салуға болмайды, оны шектедік. Егер үй салатындай қажеттілік болып жатса, оны толық Бас жоспарға енгізіп, су, газ мәселесін есептеп қана әрі қарай рұқсат беретін болдық. Кешенді құрылыс деген – осы.


– Келесі сұрақ облыс әкімдігінің ғимаратына қатысты. Неліктен казино ғимаратын сатып алдыңыздар? Қымбатқа түскен жоқ па?

– Қонаев қаласы бұрын облыс орталығы болмаған. Сол үшін бұл жердегі инфраструктура облыс деңгейіндегі департаменттерге, әкімдікке арналмаған. Ал мұны бір күнде салу мүмкін емес. Алғаш келгенде қалалық әкімдікке көштік. Қалалық әкімдік үш жаққа бөлінді. Ал басқа мемлекеттік органдар әлі күнге дейін ғимараттарды жалға алып отыр. Кейбірі Қонаев қаласына сыймай, жартысы Іле, жартысы Талғар ауданына көшті. Осында тек басшылары қалып, ал ұжым табылған орында отыр. Бұл жұмысқа өте қатты әсер етеді. Бүгінде білім басқармасы мектепте, спорт басқармасы спорт мектебінде, ауыл шаруашылығы басқармасы элеваторда, тіл басқармасы кітапханада жұмыс істеп жатыр. Өйткені отыратын жер жоқ. Сондықтан біз ғимарат іздей бастадық, осыны іздеп таптық.

6 жыл босап тұрған ғимарат екен. Біз алғанда казино емес, әкімшілік ғимарат болып тұрды. Банкпен сөйлесіп, келістік. 3 миллиард 200 миллион теңгеге сатып алдық. Ауданы – 11 мың квадрат метр. Әр шаршы метрі осы жөндеуімен, осы люстралармен 270 мың теңге болды. Мұндай ақшаға қазір жөндеусіз үй сатып алу мүмкін емес. Ал біз 2,5 мың гектар жерімен алдық.

Жаңа ғимаратты мұндай ақшаға сала алмаймыз, 3 есе көп болады. Бұл Үкіметтің активі болып қалады, басқа жаққа көшсек те, басқа мемлекеттік органдарға пайдалануға беруге болады. Жалпы тиімді шешім деп есептейміз. Қазір инвесторлармен, шетелдіктермен көп кездесеміз. Біз үлкен-үлкен жобалар туралы айтамыз да, ал өзіміз қаланың әкімдігінде қысылып отырғанымыз дұрыс болмайды деп ойлаймыз. Басқасын салып жатсақ та, бұл да мемлекеттік мүлік болып қалады, сатылып жатса, одан да жоғары сомаға өтеді деп ойлаймыз.


– Жасыратыны жоқ, облыс және Қонаев тұрғындарының көбі Алматыда жұмыс істейді, өйткені облыстың өзінде жұмыссыздық мәселесі бар. Бұл проблема көптен бері айтылып келеді. Мұны шешу үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Алматының төңірегінде біздің төрт ауданымыз бар. 400 мың адам күн сайын таңертең Алматыға барады, кешке қайтады. Сол жақта жұмысын істейді. Бір жағынан бұл жақсы. Өйткені Алматыда табыс тауып, отбасын бағып жатыр. Бірақ өздері кеткенімен, олардың үй-жайы біздің мойнымызда қалады. Өте орынды сұрақ.

Біздің мақсатымыздың бірі – адамдарға өзі тұратын жерде жұмыс орнын тауып беру. Алматының төңірегінде индустриалды аймақ жасап жатырмыз. Оларды ауылдарға қайтару үшін біраз жобаларды қолға алып жатырмыз. Ауыл шаруашылығы саласында, арзандатылған жанар-жағармай материалдары, тыңайтқыштар, субсидиялар бар. Сол мәселерді қолға алып, нақты шаруашылықтарға субсидияларды жеткізсек, ауылдан шыққан азаматтар қайтады деп үміттенеміз. Қонаев қаласында, Қарасай, Іле, Талғар, Еңбекшіқазақ аудандарында өндіріс орындарын құрсақ, адамдарды қалдыруға мүмкіндік береді деп ойлаймыз.


 – Балқашты туристік хаб ретінде дамыту бойынша қандай жоспарларыңыз бар?

– Жолсыз туризмді дамыту туралы айту әзірше қиын. Өйткені Көлсайға жол салынып еді – туризм де дамып жатыр. Ол жақта бірнеше ауыл малды қойып, туризм саласына маманданды. Шарында да солай. Жол салынған соң туристердің саны бірнеше есе өсті.

Балқаштағы жағдай да жолмен байланысты болады. Балқаш көбіне шомылуға емес, балық аулауға арналған. Облыс бөлінген соң Балқаштың қай жерінде саяжайларды салуға болатынын біраз зерттеуіміз керек. Бүгінде салынып жатқан бірнешеуі бар, бірақ көбінесе балықшыларға арналған. Ал жалпы шомылатын болса, Қапшағай бар, туризмге бейімделген жерлеріміз бар. 


– Қонаев жағажайлары туристерге қаншалықты дайын? Ал шенеуніктер мен санитарлық-эпидемиологиялық қызметтегілер шыбын-шіркей, маса мәселесін шеше алды ма? Бұл туристерді қашырып жібермей ме?

 – Биыл маса проблемасына былтырға қарағанда бюджеттен 3 есе көп ақша жұмсадық. Сонымен бүгінде жағдайы дұрыс, жаздай жақсы болады деген ойдамыз.

Ал шомылу маусымы әлі ашылған жоқ, қауіпсіздік нормалына сәйкес, белгілер орнатылған соң маусым ашылады. Қазір жергілікті тұрғындар арасында шомылып жүргендер бар, төтенше жағдайлар инспекторлары жұмыс істеп жатыр, кеше рейд өткізген, бүгін-ертең тағы да өткізеді. Қазір шомылуға болмайды, қауіпсіздік жағынан әлі жағажай дайын емес. 

 Жағажайлардың кезең-кезеңімен, рет-ретімен жөндеуді бастадық. 5 шақырым жағажайды биыл жөндеуді жоспарлап отырмыз. Өзінің стандарттары бар, бұл бір жағынан демалатын, серуендейтін, велосипед тебетін, тамақтанатын орындары, дүкендері, оған қоса, футбол ойнайтын алаң болады деп жоспарлап отырмыз. Қазіргі заманға сай жағажайдың біреуі болады. Бұл - қалалық жағажай, адамдарға тегін. Демалыс кешеніне ешқандай қатысы жоқ. Келесі жылы жағажайлардың аумағын 7,5 шақырымға жеткіземіз деп мақсат қойып отырамыз. 


Мақаламен бөлісу
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: