Ұлықбек Есдәулет: Елбасының мақаласы қазыналы құндылықтарымызды дәріптеуді мұрат етеді
Алматыда Қазақстан Жазушылар Одағының «Ұлы даланың жеті қыры және Қазақ әдебиеті» атты І Пленумы өтті. Алқалы шараға қатысушы қаламгерлер ҚР Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» тарихи бағдарламалық мақаласында айтқан келелі ойларына тоқталып, ұсыныстарын тілге тиек етті деп жазады Zakon.kz.
Жазушылар одағының мүшелері «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының заңды жалғасы деп топшылады. Себебі маңызды құжат әлемдік кеңістікке ұлттық кодымыз арқылы шығып, барша жаһан халықтарына қазақтың жанын, Тәуелсіздігіміздің мызғымас рухын, қазыналы құндылықтарын дәріптеуді мұрат ететін стартегиялық маңызы зор деді қаламгерлер.
Отаршылдықтың қиын қыстау кезеңін өткеннен кейін, өзіміздің тарихымызға өзіміздің қолымыз жетпей, жәбір көріп келген елміз. Себебі өз тарихымызға қарағанда, өзге ұлттардың тарихын жетік біліп келгеніміз жасырын емес. Елімізден Алтын адам табылып жатқанда, оның қазаққа қатысы жоқ. Ол скиф деді. Сонау Совет кезінде де, бір емес 2 Алтын адам табылғаны белгілі. Бірақ оның атын да, затын да қазақ еліне бұйыртпады. Оның аң стиліндегі алтын әшекейлері Эрмитажда тұр. Ал, обалардан табылған бұйымдарды Батыс-Сібір генералы Матвей Гагарин патшаға жөнелтіп отырған. Отырарды Иран мәдениетіне апарып тіреп тастайды. Бізде Отырар кітапханасы болған деп мақтансақ, ол кітаптар сенің тілінде болмаған дегенге дейін барды. Ал енді, айналып келгенде Мысыр елінің Мәмлүктері біздің тілде сөйлеген. Оны біз емес, керек десеңіз Израил мен Америка ғалымдары жазып отыр. Қазақ тарихы өлең-жыр болып тасқа қашалғанымен, өзгеге тиесілі деген түсінік қалыптасқан. Айналып келгенде мойындалмай келген дүниелерді осы мақала игеруге, меншіктенуге, үйренуге, келешек ұрпаққа өз тарихымыз қаншалықты терең ұлт екенімізді танытып, өзге елдерге дәлелдеп, негіздеп беруге жол ашып отыр. Бұл мақаланың мемлекет келешегі үшін, өркениет жолындағы ойдағыдай дамуы үшін стратегиялық маңызы өте зор. Дамыған 30 елдің құрамына кіру үшін де, әлемдік өркениетке қосқан үлесін де мол болу керек. Ал енді біз қандай үлес қостық, «Ұлы даланың жеті қыры» осыны түгендеуге жол ашып беріп отыр, - деді Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.Қазақ қаламгерлері өз шығармаларында қашанда тамыры мыңжылдықтарға кететін төл тарихымызды зерттеп-зерделеуге, ұлттық құндылықтарымыздың насихатталуына бұған дейін де өлшеусіз еңбек сіңіргені ақиқат. Ал, Елбасы мақаласында айтылған арналы жобалар қазақ әдебиетіндегі жаңа тарихи шығармалардың жазылуына үлкен өріс ашпақ.
Демек, «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған биік мақсаттарды іске асыруда ақын-жазушылардың рөлі орасан болмақ.
Әйгерім Тарина