Елбасының «Елдіктің жеті тұғыры» зиялы қауымнан қолдау тапты
«Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы жариялаған «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттарының маңыздылығы партия жанындағы «Miras» республикалық қоғамдық кеңесінде талқыланды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Кеңеске Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, уәкілетті министрліктер мен зиялы қауым өкілдері, сарапшылар, Кеңес мүшелері қатысты. «Nur Otan» партиясының баспасөз қызметі
Кеңес төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан жеті тұғырды еліміздің әрбір азаматына жеткізіп, болашақ ұрпақтың бойына сіңірудің маңыздылығын алға тартты.
«Елбасы бұл мәселелерді сонау алғаш Президент болған күннен бастап үнемі көтеріп келеді. 2017 жылы Тұңғыш Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жарияланып, соның негізінде «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарлама еліміз үшін бір сілкініс болды. Себебі әр адам рухани жаңғыруды өзінен бастау керек. Баланы шыр етіп дүниеге келген күннен бастап дұрыс тәрбие беріп, ана тілін үйретіп, ұлттық құндылықтарымызды санасына сіңдіруіміз керек». Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан
«Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығында «Жер – ата-баба мұрасы, халық қазынасы» деген Елбасы оны болашақ ұрпаққа мирас ету – ортақ борышымыз екенін баса айтқан болатын. Осы орайда жазушы, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әлібек Асқар тәуелсіздік тұғырына қонған 30 жылда көптеген оң реформаларды жүзеге асырған еліміздің басты жетістіктерінің бірі ретінде шекараны толықтай заңдастырып, бекітуіміз екенін айтты.
«Есін жиып, етегін қымтаған елдің ең бірінші қолға алатын басты мәселесі – шекара шебін бекемдеу болатыны анық. Бұл тұрғыда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан-ақ қимылдап, қайсарлықпен қайрат көрсетіп, мемлекеттік шекараны шегендеп, халықаралық келісім-шарттарды бекітіп алды. Сондықтан, Қазақстанның шекара мәселесін шешудегі ең басты нәтижесі – болашақ ұрпаққа бейбіт және тұрақты шекараны қалдыру. Көрші елдермен қалыптасқан жақсы қарым-қатынасты одан әрі дамыту және ынтымақтастықты ұлғайту». Әлібек Асқар
«Елдіктің жеті тұғырын» тиянақтау мен тұлғаландыру – жаңа буынға аманат. Бұл – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, академик Дихан Қамзабекұлының пайымы. Ол жаңа буын деп 30 жылда тәуелсіз елде дүниеге келген 9,5 миллионнан астам адамды айтып отыр.
«Бұл рәсімнің Жарғы тәртібіне сай өзіндік қатаң регламенті болса да, партия дамуының жаңа белесі ретінде жарияланғаны қоғамды елең еткізді деп санаймыз. Осы орайда Нұрсұлтан Әбішұлы «Мәңгілік ел» мұратын тұрлаулы етудің жеті тұғырын есімізге салды. Олар: тәуелсіздік, бірілік пен келісім, қасиетті жер, отбасы мен салт-дәстүр, ұлт мәдениеті, білім мен еңбек, прагматизм. Елбасы мұны «Елдіктің жеті тұғыры» деп атады. Әлбетте, бұл тұғырды тиянақтау мен тұлғаландыру – жаңа буынға аманат. Түптеп келгенде, бұл – тоғыз миллионның елшілдігі мен кәсібилігін анықтайтын көрсеткіш болып бекитіні сөзсіз. Осы жолда білім және ғылым саласының алдында зор мемлекеттік және қоғамдық міндеттер тұр. Мұны кезең-кезеңмен, жүйесімен орындауда намысты, жауапты азаматтар аянып қалмайды деп ойлаймыз», - деп түйіндеді ғалым.
Жиында сөз алған ҚР Парламенті Сенатының депутаты Динар Нөкетаева «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттар жиынтығын қоғамдағы ауызбіршілікті нығайтып, тұрақты даму үшін ауадай қажет құндылық деп атады. Ол бүгінде еліміздің білім мен еңбек саласында қол жеткізген табыстарына тоқталды.
«Тәуелсіздік жылдарында 1,5 мыңнан астам жаңа мектеп салынды. Әлем стандарттарына сай келетін Назарбаев Университеті мен 21 Назарбаев Зияткерлік мектептері құрылды. Тәуелсіздік жылдарында білім мен ғылымды одан әрі дамытудың берік іргетасы қаланды. «Болашақ» халықаралық стипендиясы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылып, 1993 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Содан бері осы бірегей стипендия бойынша көптеген қазақстандық әлемнің үздік оқу орындарында білімін жетілдіруге мүмкіндік алды. Елбасы «табыстың кілті үздіксіз білім алу мен тынымсыз еңбек ету» екенін үнемі айтып келеді. Жалпы алғанда Елбасы санамалап өткен бұл құндылықтар әрбір жастың жетістікке жету, қоғамға пайдалы адам болып, өнім беру жолындағы басты қағидаларына айналуы тиіс», - деді сенатор.
Өз кезегінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ләззат Рамазанова қағидаттар жиынтығыныда айтылған «Отбасы мен салт-дәстүр – қоғамның алтын діңгегі» бөліміне қатысты өз ойын ортаға салды. Қазақстанның ертеңгі келбеті қандай болатыны бүгінде әрбіріміздің отбасымызда тәрбиеленіп жатқан ұл-қыздарымызға байланысты деген ол, еліміздің әрбір ауданында Отбасын қолдау орталығын ашу керек деп есептейді.
Елбасының «Конституцияны қастерлеу, мемлекеттік тілді білу, ұлттық құндылықтарды қадірлеу – әр азаматтың парызы» деген сөзімен Нұр-Сұлтан қаласындағы Түрік этномәдени орталығының төрағасы, «Miras» республикалық қоғамдық кеңесінің мүшесі Әскер Пириев те толықтай келіседі.
«Естеріңізде болса, 90 жылдардың басында әлемнің көптеген этносаралық, дінаралық қақтығыстар болды. Сол кезде Батыстың және Еуропаның көптеген саясаттанушылары, жазушылары, «философтары» шыны керек, Қазақстанның келешегі жарқын деген жоқ. Ал 1995 жылы Елбасымыздың бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Оның мақсаты – жалпы қазақстандық этносаралық келісім моделін көрсету. Расында осы модель жаңағы айтылған түрлі гипотезаларға ғажап жауап болды деп есептеймін. Елбасымыз «Қазақпен қазақ қазақша сөйлессін» деп айтып еді. Менің айтарым, қазақ пен қазақ қана емес, қазақстанның әрбір азаматы бір-бірімен қазақша сөйлесуі керек және әрбір азаматымыз бұл менің елім, менің тілім дейтін заман келді», - деді Ә.Пириев.
«Aiqyn» газетінің бас редакторы, «Nur Otan» партиясы жанындағы «Miras» республикалық қоғамдық кеңесі төрағасының орынбасары Нұрмұхамед Байғараев «Елдіктің жеті тұғыры» аяқ асты жарияланған концепция мен идеялардың жиынтығы емес дегенді алға тартты.
«Бұл – Елбасы осыған дейін жариялаған «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы», «Рухани жаңғыру» мақалалары мен «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының заңды логикалық жалғасы. Мұндағы соңғы алтауы ең алғашқы қағида Тәуелсіздікті нығайтуға бағытталған деп ойлаймын. Өйткені Тәуелсіздік жоқ жерде, жоғарғыда айтылғандардың ешбірі болмайды. Ал қандай да бір халық, өзінің болашағы үшін саяси шешім қабылдауда стратегиялық бағыт-бағдарын белгілеуде еркін болмаса, онда толыққанды мемлекет жайлы сөз қозғау мүмкін емес». Нұрмұхамед Байғараев
Сондай-ақ, осы жиында сөз алған дәстүрлі жыршы-термеші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Елшібаева Елбасының саясатындағы қазақ руханиятын жаңғырту үшін жасалып жатқан барлық іске ұлтын сүйетін әрбір азамат өз үлесін қосуы керек деп есептейді.
Елбасы жария еткен қағидаттарға үн қосқан кәсіпкер Талғат Дүйсекеев прагматизм принциптері бойынша еліміздегі әрбір адам өзінің мүмкіндіктері мен шама-шарқын мұқият ескеруі тиіс дегенді алға тартты.
Ал тревел-блогер, азаматтық журналист «Miras» республикалық қоғамдық кеңесінің мүшесі Яков Федоров еліміздегі этносаралық бірлік пен келісімнің маңыздылығына тоқтала келе, қазақ мәдениеті, қазақ тілі біріктіру құралы болу тиіс деп қадап айтты.
Сонымен қатар, осы жиында Алматы қаласы «Miras» аймақтық қоғамдық кеңесінің төрайымы Қарагөз Сүлейменова, Солтүстік Қазақстан облысы «Miras» аймақтық кеңесінің төрағасы Біржан Жалғасбаев, Шығыс Қазақстан облысы «Miras» аймақтық кеңесінің төрайымы Айгүл Байжанова сөз алып, «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттар жиынтығына қатысты өз ойларын ортаға салды.