ҰҚШҰ-ның Ұжымдық Қауіпсіздік кеңесінің сессиясында Мемлекет басшысы не айтты - толық мәтін
Отырысқа Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, РФ Президенті Владимир Путин, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Армения Президенті Никол Пашинян, Қырғызстан Президенті Ақылбек Жапаров, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының Бас хатшысы Станислав Зась қатысты.
Күн тәртібінде Қазақстандағы ахуал және қалыпқа келтіру шаралары қаралды.
Талқылау Армения премьер-министрі Никол Пашинянның кіріспе сөзінен кейін басталды. Одан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз алды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының кезектен тыс сессиясында сөйлеген сөзі Ақорда сайтында 10 қаңтарда жарияланды.
Құрметті әріптестер!
Саммитіміздің кезектен тыс өткізілуі төтенше жағдайларға байланысты болып отыр. Қаңтардың бірнеше күні ішінде Қазақстан ауқымды дағдарысты бастан өткерді. Бұл – Тәуелсіздіктің 30 жылдық тарихында болған ең ауыр оқиға. Мұндай деңгейдегі зор қауіп-қатермен біздің ұйым бұрын-соңды бетпе-бет келмеген.
Қажетті құжаттарды келісу жөніндегі шұғыл жұмысы үшін Төрағамыз Никол Воваевич Пашинянға алғыс айтамын.
Ресей Федерациясының Президенті Владимир Владимирович Путинге түсіністік танытып, ҰҚШҰ-ның бітімгерлік күштерін Қазақстанға жіберу мәселесі бойынша жылдам шешім қабылдағаны үшін ерекше алғыс білдіремін.
Құрметті Владимир Владимирович, елімізге лаңкестік шабуыл жасалған сәттен бері Сізбен тұрақты байланыс жасап отырмыз.
Александр Григорьевич Лукашенкоға, Садыр Нұрғожоевич Жапаровқа, Эмомали Шарипович Рахмонға көрсеткен саяси және әскери бауырластығы үшін алғыс айтамын.
Бүгін Қазақстандағы қайғылы күндері қаза болған азаматтарды Жалпыұлттық аза тұту күні. Баршаңызға шынайы көңіл айтқандарыңыз үшін алғыс айтамын.
ҰҚШҰ Бас хатшысы Станислав Васильевич Засьқа, Хатшылық пен Ұйымның біріккен штабының жұдырықтай жұмылған барлық ұжымына ризашылығымды білдіремін.
Шын мәнінде, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің бірінің қауіпсіздігін, тұрақтылығы мен тұтастығын қамтамасыз ету үшін Ұйымның бітімгерлік күштерін ауқымды түрде жұмылдыру жағдайы бірінші рет болып отыр.
Біз үшін ҰҚШҰ бойынша әріптестеріміздің әскери ғана емес, моральдық қолдау көрсетуі де аса маңызды.
Ұйымға мүше мемлекеттердің бәрі біртұтас майдан болып, Қазақстанның үндеуін бірауыздан қолдады.
*
Енді еліміздегі қазіргі жағдай мен өткен күндері болған оқиғалар туралы мәлімет беріп өтейін.
Оқиғалар желісі туралы ақпараттарды толық екшей отырып, биылғы жыл басынан бергі оқиғаның бәрі бір шынжырдың тізбегі екенін нық сеніммен айта аламын.
Олар жымысқы оймен ұзақ уақыт бойы дайындалған. Дайындықтың қанша уақыт – бір жыл, екі немесе үш жыл жүргізілгенін тергеу анықтайды.
Деструктивті күштер тұрақтылықты бұзуға, тәртіпсіздікке жол ашуға бірнеше рет тырысты. Мемлекеттің тұрақтылығы мен беріктігін сынап көруге бағытталған сияқты болды. Олардың барлық әрекеттерінің жолы кесілді.
Бірақ ұйымдастырушылар өз жоспарынан бас тартпай, қарулы қақтығысқа дайындалуға көшті. Бүлікшілер автомобиль газы бағаның көтерілуіне байланысты бірқатар өңірдегі халықтың наразылығын сылтау ретінде пайдаланды. Митингілер өтті. Оған қатысушылар әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси талаптарын қойды. Мемлекет оның бәріне құлақ асып, орындады. Үкімет отставкаға кетті. Автогаз бағасы бұрынғы деңгейінде қалдырылды.
Біз нақты әлеуметтік-экономикалық шаралар кешені мен қоғамдық-саяси реформалар жоспарын қабылдаймыз деп жарияладық. Бірақ Қазақстанға қарсы агрессия ұйымдастырушылар үшін мұның ешқандай мәні болмады.
Стихиялық наразылық жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Діни радикалдар, қылмыстық топтар, жауыз содырлар, мародерлер мен ұсақ бұзақылар біртұтас команда ретінде бой көрсетті.
Әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси талаптар екінші-үшінші орынға сырғыды. Оны ұмытып та кетті. Артынша аласапыран басталып кетті. Өздерінің қолайлы сәтін күтіп отырған қарулы содырлар тобы іске көшті.
Олардың басты мақсаты: конституциялық құрылысқа нұқсан келтіру, басқару институтын бүлдіру, билікті басып алу болғаны анықталды. Бұл жерде мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылу жөнінде сөз болып отыр.
Қазір барлық әскери іс-қимылдардың бір орталықтан үйлестірілгені, мұқият жоспарланған операцияның шешуші кезеңге шыққаны белгілі болды.
Өңірлік биліктің, құқық қорғау органдарының ғимараттарына, тергеу изоляторларына, стратегиялық нысандарға, банктерге, телемұнара мен телеарналарға бір уақытта, қайталап айтамын бір мезгілде екенін қайталап айтамын, шабуыл жасау – соның айқын дәлелі.
Әуежайлар басып алынды, автомобиль және теміржолдар жабылды, жедел жәрдем және өрт сөндіру қызметінің жұмысына кедергі келтірілді.
Әскери бөлімдер мен армия блокбекеттеріне жасалған шабуыл кезінде содырлардан құралған топ қару-жарақ пен әскери техникаларды иемденуге тырысты.
Алматы қаласы мен басқа да қалаларда, шын мәнінде, нағыз соғыс жүрді. Мәселен, Алматы қаласындағы Ішкі істер департаменті ғимаратының төңірегіндегі соғыс екі түнге созылды. Полиция қызметкерлері лаңкестердің шабуылдарына тойтарыс берді. Тек Алматы қаласының өзінде 7 қару-жарақ дүкені басып алынды. Бұл жақсы дайындықтан өткен кәсіби содырлардың, соның ішінде арнаулы винтовкалармен атуға машықтанған снайперлердің шабуылы болды.
Террористер жеке байланыс құралдарын пайдаланған, әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің киімін киіп алған. Содырлар шімірікпестен жаппай тәртіпсіздікке қатысушыларды қалқалап, оларды «тірі қалқан» ретінде пайдаланды.
Кем дегенде 5 есе сан басымдығын пайдаланған лаңкестер полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілерді аяусыз ұрып-соғып, екі әскери қызметшінің басын кесіп алған.
Ауруханаларға айуандықпен шабуыл жасалды.
Мемлекеттің ресурстарын бөлшектеу үшін шабуыл ұйымдастырушылар ауқымды майдан алаңын жасады. Агрессия бір уақытта 11 аймақты қамтыды. Бірақ ең ауыр соққы Алматыға бағытталды.
Өздеріңізге мәлім, Алматы – біздің ірі қаламыз әрі еліміздің қаржы орталығы. Мұнда маңызды көлік және коммуникация тораптары шоғырланған.
Бұл қаланың құлауы адам көп шоғырланған оңтүстік аймақты, содан кейін бүкіл елді басып алуға жол ашар еді.
Террористер құқық қорғау органдарының назарын өздеріне аударуға тырысты. Содан кейін Қазақстанның елордасына соққы жасауды көздеді.
Біз Президент резиденциясының айналасына шоғырланған содырларды көрдік. Шын мәнінде, бұл әртүрлі әдістерді пайдалана отырып, мемлекетімізге қарсы жасалған нағыз террорлық соғыс еді. Осының бәрі түбегейлі шешім қабылдауды қажет етті.
Қазақстанның күштік құрылымдары дер кезінде жұдырықтай жұмылып, шабуылдаушыларға тойтарыс берді және жағдайды толық өз бақылауына алды.
Өкінішке қарай, күштік құрылым қызметкерлері мен бейбіт тұрғындар арасында қаза болғандар бар. Күштік құрылымдардың 16 қызметкері қаза тауып, 1300-ден астамы жараланды. Бейбіт тұрғындардың арасында да қаза тапқандардың болғаны қабырғамызды қайыстырады. Олардың нақты саны анықталып жатыр.
Бүкіл еліміз бойынша 1270 бизнес субъекті зардап шекті. 100-ден астам сауда орталығы мен банктер тоналды. 500-ге жуық полиция автокөлігіне зақым келді және өртелді.
Орасан зор шығын келтірілді. Оның көлемін Үкіметтің арнаулы комиссиясы анықтайды. Қазақстанға қарсы агрессияға террористердің, оның ішінде шетелдік содырлардың тікелей қатысқанын нақты айта аламын.
Бұзақылардың түн мезгілінде мәйітханаларға шабуыл жасап, қаза болған сыбайластарының денелерін алып кеткені де кездейсоқ емес. Сондай-ақ олар содырлардың денелерін ұрыс алаңынан әкетіп отырды. Бұның халықаралық террористердің тәжірибесі екені баршаға мәлім. Олар дәл осындай тәсілдер арқылы іздерін жасырады.
Ел аумағында хаос жағдай қалыптастырып, билікті басып алу пиғылы болғаны анық.
Құқық қорғау және арнаулы қызметтердің жан-жақты талдауына негізделген Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесінің шешіміне сәйкес қалыптасқан жағдай терроризм қаупі және агрессия актісі ретінде бағаланды.
Қазақстандағы ахуал ушыға түсті. Алматы қаласы мен 9 облыс орталығы бұзақылардың қолына өтті. Біз лаңкестікке қарсы операция режимін жарияладық.
Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымынан көмек беруді сұрады. Бұл дер кезінде қабылданған шешім еді.
Елордаға үш бірдей әскери ұшақтың келгенін білген содырлар Президенттің резиденциясына басып кіру жоспарынан айныды. Бұл Алматыға қосымша күш жұмылдырып, қаланы террористерден тартып алуға мүмкіндік берді.
Қазіргі таңда Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің шешіміне сәйкес Қазақстан Республикасына жіберілген 2030 адам және 250 техника ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгерлік күштеріне жүктелген міндетті орындауға кірісті. Олар әуежайлар, әскери қоймалар мен басқа да стратегиялық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қызметін атқарады.
Қазіргі ахуал мен іске асырылып отырған міндеттер жөніндегі ҰҚШҰ Бас хатшысының баяндамасын сәлден кейін тыңдаймыз.
Мен атап өткендей, бұл – ҰҚШҰ-ның алғашқы бітімгерлік миссиясы. Ұйым пайдалы әрі оң тәжірибе жинақтайтынына сенімдімін.
«Осал тұстар» талданып, тиісті қорытынды шығарылады, реттеу құжаттарына түзетулер енгізіледі.
Жалпы, ҰҚШҰ-ның беделді әскери-саяси ұйым ретінде өзінің қажеттігі мен тиімді екенін дәлелдей алғанын атап өткім келеді. Бұл – мемлекеттеріміздің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің нақты механизмі.
Шын мәнінде, өткен оқиғалар мықты халықаралық институт ретінде жаңа сатыға көтерілген Ұйымның дамуында бетбұрыс кезең болды.
Қазақстан бетпе-бет келген қауіп-қатерлер – ұжымдық қауіпсіздіктің барлық кеңістігі үшін ортақ.
Сондықтан бізге ҰҚШҰ-ның күшті әлеуетін одан әрі нығайту қажет. Бұл – маңызды. Қазақстан осы іске өз үлесін қосады.
Дағдарыс жағдайларында әрекет ету мерзімін оңтайландыру енгізілетін ұсыныстардың бірі болуы мүмкін.
Біз Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі және басқа да органдар бекітетін шешімдерді әзірлеу және қабылдау мәселелерінде жедел болуымыз керек.
ҰҚШҰ бітімгерлік күштерін пайдалану жөніндегі шешімге саяси тұрғыдан барынша қолдау көрсету, әсіресе БҰҰ және басқа да беделді халықаралық ұйымдар, әлемнің озық бұқаралық ақпарат құралдары және талдау орталықтары, сондай-ақ үшінші мемлекеттер тарапынан аса маңызды.
ҰҚШҰ күштерін енгізудің легитимдігі жөнінде сұрақтар туындап жатқанын көріп отырмыз. Бұл шынайы ақпараттың жетіспеуінен және жағдайды толық түсінбегендіктен болып жатыр.
Кейбір жағдайларда халықаралық қоғамдастықта, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарын қоса алғанда, ҰҚШҰ күштерінің пайдаланылуына, жалпы Қазақстандағы жағдайға қатысты мүлде қате түсінік қалыптасты. Ұсынып отырған айғақтарға қарамастан, кейбір дереккөздер Қазақстан билігін бейбіт демонстранттармен күресті деп айтып жатыр. Бұл – мүлде қате ақпарат.
Біз бейбіт шеруге шыққандарға қарсы ешқашан қару қолданған жоқпыз және қолданбаймыз да. Осыны білетін Қазақстанға шабуыл ұйымдастырушылар бірнеше рет агрессиялық әрекет жасады. Бастапқы кезде, мен айтып өткендей, бейбіт наразылық болды. Кейін Алматы қаласында саяси митинг өткізілді. Содан соң шибөрідей қаптаған қарулы содырлар қалаға үш бағыттан бас салды. Басында олар өздерін бейбіт демонстранттар ретінде көрсетіп, құқықтық тәртіпті сақтаушы күштерді, тіпті қала тұрғындарын шатастырды. Ал содан кейін «Алматы трагедиясы» деген атау алып, тарихқа енетін оқиға болды.
БҰҰ Жарғысына сәйкес әр мемлекет қарулы шабуыл кезінде жеке немесе ұжымдық тұрғыда өзін-өзі қорғауға құқылы. Жуық арада, алдын ала тергеулер аяқталғаннан кейін, біз әлемдік қоғамдастық сотына елімізге қарсы жүргізілген террористік агрессияның дайындығы мен оны жүргізуге қатысты қосымша дәлелдер ұсынамыз. Көріп отырғанымыздай, жекелеген бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамдық институттар ойдан шығарылған дүниелерге және тексерілмеген фактілерге негізделген жалған ақпараттарды бей-берекет таратып жатыр.
БҰҰ, ЕҚЫҰ, ШЫҰ, АӨСШК, сондай-ақ халықаралық гуманитарлық ұйымдар қаскөйлердің, террористердің, қылмыскерлердің заңсыз әрекеттерінің толық әрі әділ тергелуіне мүдделі екеніне сенімдімін. Асығыс тұжырым жасаудың қажеті жоқ.
Қазақстан өзінің жаңа тарихындағы ең қиын кезеңді еңсереді деп о баста сенім артқандардың бәріне алғыс айтамын. Бұл, әсіресе ҰҚШҰ-ға қатысты. ҰҚШҰ-ның Қазақстандағы бітімгерлік әлеуетін ықпалдаса отырып, барынша қауіпсіз, тиімді әрі қысқа мерзімге пайдаланатынымызға сенімдімін. ҰҚШҰ-ның бітімгерлік күшінің миссиясы жоғары деңгейде тиімді, пайдалы болады деп турасын айту керек. Біз өз тарапымыздан мұны арандатушылар немесе қаскөйлер пайдаланып кететіндей ақпараттық вакуумға жол бермеуіміз керек деп ойлаймын. Өкінішке қарай, біздің жағдайда бұл жалғасып жатыр. Қалыптасқан жағдай ҰҚШҰ Бас хатшысының бітімгерлік қызмет жөніндегі арнаулы өкілі институтын құру жөніндегі жуырдағы шешіміміздің өзекті екенін көрсетіп отыр. Сонымен қатар біз Қазақстан халқының билікпен бейбіт әрі еркін және ашық диалог орнату жөніндегі құқығын берік қорғайтынымызды нақты айтқым келеді. Сонымен қатар зорлық-зомбылыққа негізделген экстремизмнің кез келген түрінің, әсіресе Қазақстанға қарсы жақында ғана болған әскери іс-қимылдардың қатаң түрде жолын кесеміз.
Біз мемлекеттік егемендігіміз бен территориямыздың бүтіндігіне нұқсан келтіруге жол бермейміз. Қазақстан өзінің халықаралық міндеттемелерін қатаң сақтайтынына сендіргім келеді.
Құрметті достар!
Қазіргі уақытта Қазақстанда конституциялық тәртіп қалпына келтірілді. Елге төнген қауіп-қатерге тойтарыс берілді. Лаңкестікке қарсы іс-қимылдар аясында қылмысқа қатысы бар азаматтарды анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бүгінде полиция органдарына 8 мыңға жуық адам жеткізілді. Құқық қорғау органдары мен арнаулы органдар олардың террорлық актілерге, кісі өлтіруге, мародерлікке және басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде. 116 түрлі қару тәркіленді. Сырт киімдерін ауыстыру, сақалын алу сияқты жаңа әдіске көшкен және басқа да қулықтар жасау арқылы жасырынып жүрген содырларды анықтау операциялары жалғасып жатыр. Алда ауқымды да қауырт жұмыстар бар. Тіпті бұған құқық қорғау органдары мен армия ардагерлері де тартылуда. Бүкіл мемлекеттік органдар еліміздің толықтай қалыпты өмірге оралуы үшін қарқынды жұмыс істеп жатыр.
Ертең мен Парламентке Үкіметтің жаңа құрамына қатысты ұсыныс енгізіп, әлеуметтік-экономикалық саладағы өзекті мәселелерді шешу жөнінде нақты міндеттер жүктеймін. Жуырда лаңкестікке қарсы ауқымды іс-қимылдар сәтті аяқталады, сондай-ақ ҰҚШҰ күштерінің де тиімді миссиясы тәмамдалады.
Бастысы – бүкіл ұжымдық қауіпсіздік кеңістігінде мұндай оқиғалардың қайталануына жол бермеу. Алдағы уақыттағы біздің негізгі міндетіміз де осы болады деп ойлаймын. Қазақстан бұл жұмыстарды атқаруға дайын және одақтастарын әрдайым қолдайды.
Назарларыңызға рахмет!